homepage
Фото: obvk.kz

Қазақстан бала тууды тіркеу деңгейі бойынша әлемде жоғары орында

20.11.2025, 12:02

Қазақстан балалардың тууын тіркеу көрсеткіші бойынша әлемдегі озық елдердің қатарында тұр. Елде туған балалардың дерлігі 100 пайызы тіркеледі. Бұл деректі Оқу-ағарту министрлігі жариялады деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Ведомствоның мәліметінше, балалар ел халқының 34 пайызын құрайды және бұл сан тұрақты түрде өсіп келеді. Халықаралық ұйымдар, соның ішінде БҰҰ, Қазақстанның балалар құқығын қорғау және олардың әл-ауқатын арттыру бағытындағы тұрақты ілгерілеуін атап өткен. Министрлік тууын толық тіркеу деңгейінің халықаралық стандарттарға толық сәйкес келетінін айтады.

Ел балаларға арналған ресурстарды тікелей инвестициялау бойынша да ерекше тәжірибеге ие. 2024 жылдан бастап Ұлттық қор табысының 50 пайызы кәмелетке толмағандардың жеке шоттарына аударылып келеді. 2025 жылы әр бала шамамен 130 доллар көлемінде аударым алған, ал екі жылдағы жинақ шамамен 233 долларды құрады. 324 мыңнан астам бала осы бағдарламаның қатысушысы болып отыр.

Балалардың тамақтануына да ерекше басымдық беріліп отыр. 2023 жылдан бері бастауыш сынып оқушыларының 100 пайызы мектепте мемлекет есебінен ыстық тамақ ішеді. Бұл шара 1,7 миллион баланы қамтыған. Балабақшаларда 953 мың тәрбиеленуші тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Мектептер мен балабақшаларға ыстық тамақ ұйымдастыру үшін жергілікті бюджеттен 207,4 миллиард теңге бөлінген. ЮНИСЕФ-тің MICS-2024 деректері бойынша, Қазақстандағы балалардың тамақтану көрсеткіштері Еуропа және Орталық Азия елдері деңгейіне сәйкес келеді.

Балаларды қорғау саласында да заңнамалық шаралар күшейтілді. Кәмелетке толмағандарға қатысты ауыр қылмыстар бойынша жауапкершілік қатайтылды, татуласу арқылы істі тоқтатуға тыйым салынды, ең ауыр қылмыстар үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сонымен бірге қамқоршылық органдарының штаты күшейтілді: бір маманға жүктелетін шекті норма 5 мың бала болып бекітіліп, қызметкерлер саны 303-тен 1028-ге дейін өсті.

Министрлік 2026 жылдан бастап «Қазақстан балалары» атты бірыңғай бағдарлама іске қосылатынын, ол балаларға қатысты барлық қолдау шараларын ұлттық стратегия аясында біріктіретінін хабарлады.