Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов тұрғын үй несиелеріне қатысты жаңа шарттар әзірленіп жатқанын мәлімдеді. Құзырлы органның түсіндіруінше, ипотека қолжетімділігі мен қаржы жүйесінің тұрақтылығы арасындағы тепе-теңдікті сақтау үшін бірқатар өзгерістер ұсынылып отыр деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ұлттық банк 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін ипотеканың шекті тиімді мөлшерлемесін 25 пайыз деңгейінде уақытша сақтауды ұсынады. Басты себеп — базалық мөлшерлеменің жоғары болуы және оның несие бағасына тікелей ықпалы. Төраға Сүлейменовтің айтуынша, бұл шешім нарықтағы тұрақтылықты бұзбай, халық үшін қолжетімділікті сақтау жолы ретінде қарастырылды.
2026 жылдың 1 шілдесінен кейін мөлшерлеме жүйесі өзгеруі мүмкін. Жаңа модель бойынша ипотека пайызы кепілге қойылған мүліктің бағасына қатысты LTV коэффициентіне байланысты анықталады. Бастапқы жарна жоғары болған сайын пайыз да төмен болады. Қаржы нарығын реттеу агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова бұл тәсіл азаматтарды бастапқы жарнаны көбірек жинауға ынталандыратынын айтты. Банктер осындай жарна жинауға арналған жаңа депозит өнімдерін әзірлеп жатыр.
Бұған дейін агенттік пен Ұлттық банк шекті мөлшерлемені 20 пайызға дейін төмендету қазіргі жағдайда ипотекалық бағдарламалардың қысқаруына әкелуі мүмкін екенін ескерткен. Базалық мөлшерлеме 18 пайыз деңгейінде тұрғандықтан, нарықтың оны көтере алмау қаупі бар деп бағаланған.
Жаңа тәсіл несие жүктемесін азайтып, тәуекелдерді төмендетуге бағытталып отыр. LTV көрсеткіші — несие сомасының кепіл мүлкінің құнына қатынасы — болашақта ипотека бағасын анықтайтын негізгі параметрдің бірі болмақ.