Қазақстанда А(H3N2) «гонконг тұмауының» таралуы артып, эпидемиологтар қараша–желтоқсан айларын маусымның шарықтау кезеңі болады деп болжап отыр. Биыл жалпы ОРВИ азайғанымен, тұмау жағдайлары керісінше көбейіп келеді деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Министрлік дерегіне қарағанда, эпидмаусым басталғалы 1,46 миллион ОРВИ тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда аз. Бірақ расталған 590 тұмау жағдайының 587-сі — дәл осы A(H3N2) штамы. Бір аптада 183 мың жаңа ОРВИ тіркелген, оның бір бөлігі тұмаумен байланысты. Астана зертханаларында да осы штам анықталып, дәрігерлер күрт температура, құрғақ жөтел, көз ауырсынуы және жалпы улану симптомдарының жиілегенін айтады.
Дәрігерлер A(H3N2) вирустың өте жұқпалы және мутациялық қабілеті жоғары екенін ескертеді. Ауру әдетте 40 градусқа дейін қызумен басталып, бұлшықет ауыруы, қалтырау, бас ауруымен жүреді. Ең қауіптісі — асқынулар: пневмония, бронхиолит, ларинготрахеит, жүрек-қантамыр проблемалары. Тәуекел тобына 5 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, қарттар және созылмалы ауруы барлар кіреді.
Инфекционистер нақты вирусқа қарсы емдеу тек нейраминидаза тежегіштері арқылы жүргізілетінін айтады. Сонымен бірге интерферондар, қызу түсіретін және қабынуға қарсы дәрілер, жөтелге қарсы құралдар қолданылады. Дәрігерлер тынығу, сұйықтықты көп ішу және үйді жиі желдетудің маңызын ерекше атап өтті.
Қазақстанда 2,1 миллион адам вакцина салдырған. Бұл жалпы жағдайды жеңілдатып, аурудың ауыр өтуін және ауруханаға жатқызуды азайтқан. Вакцина құрамында биыл айналымда жүретін H3N2 штамы бар, сондықтан мамандар екпені негізгі қорғаныс деп санайды.
Бірқатар өңірде вирусқа қарсы дәрілер бойынша тапшылық байқалған. Астанада тұрғындар кей препараттардың уақытша жоқтығына шағымданды. Денсаулық сақтау министрлігі сұраныстың күрт өсуінен болған уақытша тапшылық екенін айтып, жақын күндері Zerde және «Медсервис Плюс» желілері арқылы ірі жеткізілімдер түсетінін хабарлады.
Санитарлық қызмет мамандары тұмаудың шарықтау кезеңі қараша–желтоқсанға сәйкес келетінін, кейін біртіндеп бәсеңдейтінін болжайды. Бірақ H3N2 мутацияға бейім болғандықтан, мамандар сақтық шараларын сақтауды жалғастыруды ескертеді.