Астанаға Армения үкіметінің басшысы Никол Пашинян ресми сапармен келмек. Оны Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шақырған. Келіссөздерде екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланады деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Биыл екі мемлекет арасындағы тауар айналымы айтарлықтай төмендеген. Қаңтар-қыркүйек кезеңінде Қазақстан мен Армения арасындағы сауда көлемі 41,6 млн доллар болды. Бұл өткен жылғы осы кезеңнен бір жарым есе аз. Экспорт физикалық көлем бойынша 19 пайызға өсіп, 5,7 мың тоннаға жеткенімен, ақшаға шаққанда 27,8 млн долларды құрап, аздаған төмендеу байқалды.
Қазақстан Арменияға сүт өнімдерін, кукурузаны және биыл алғаш рет шошқа етін жөнелтті. Косметика мен шаш күтіміне арналған тауарлардың, ағаш жиһаздың, электр аккумуляторларының және аяқ киімнің сатылымы айтарлықтай артты. Сонымен бірге туалет қағазы мен киім жеткізу көбейген. Ал темекі экспорты керісінше қысқарды.
Армениядан келетін импорт та азайды. Елге әкелінген тауар көлемі 2,2 мың тоннаға дейін төмендеп, оның жалпы құны 13,8 млн доллар болды. Жеміс-көкөніс шырындары, дәрумендер мен биологиялық қоспалар азырақ жеткізілген. Бірақ армян коньягы мен настойкалары, кесілген раушан гүлдері, зергерлік бұйымдар және фармацевтика өнімдері көбірек әкелінді. Қазақстан Армениядан алмаз, төлем терминалдары, касса аппараттары және өткен жылы болмаған қолсағаттарды да сатып алды.
LS дерегінше, биыл қарашада Қазақстан Арменияға 30 жылдан кейін алғаш рет бидай экспортын қайта бастады.