Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров биылғы он айдағы агросектордың даму қорытындысын таныстырды. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 5,4 пайыз өсіп, 8,1 триллион теңгеге жетті деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Азық-түлік өндірісі 9 пайызға артып, 3,1 триллион теңге болды. Экспорт көлемі 4,7 миллиард долларға дейін ұлғайды.
Министр агросекторды қаржыландыру айтарлықтай артқанын атап өтті. Айналым қаражатын толықтыру және ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту үшін 5 пайыздық мөлшерлемемен тікелей несие беру басталды. Агроөнеркәсіп кешенін несиелеу көлемі 1 триллион теңгеге жеткізіліп, оның 250 миллиард теңгесі жеңілдетілген лизинг арқылы техника сатып алуға бөлінді.
Биыл 25 мыңнан астам техника алынған. Соның нәтижесінде машина-трактор паркінің тозу деңгейі 90 пайыздан 70 пайызға төмендеді.
Айдарбек Сапаров сондай-ақ мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары қабылданатынын хабарлады. Саланы цифрландыру бағытында «е-АӨК» бірыңғай цифрлық экожүйесі әзірленіп жатыр. Бұл платформа субсидиялау, жер қорын басқару, егін, мал және балық шаруашылықтары туралы ақпараттық жүйелерді бір арнаға біріктірмек.