АҚШ президенті Дональд Трамп пен Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұхаммед бин Салманның Вашингтондағы кездесуінде F-35 ұшақтарын сату, $1 трлн инвестиция, Хашоггидің өлімі және бірқатар стратегиялық серіктестік мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Juzmedia.kz BBC сілтеме жасап.
Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы Мұхаммед бин Салман АҚШ-қа 2018 жылдан кейін алғаш рет ресми сапармен келді. Сол жылы Стамбұлдағы Сауд консульдығында журналист Джамал Хашогги өлтіріліп, бұл оқиға халықаралық дау тудырған еді. АҚШ барлауы ханзада бұл операцияға рұқсат берген деген қорытынды жасағанымен, Трамп кездесуде оны қорғап, «ол бұл туралы білмеген» деп мәлімдеді.
Пресс-конференция барысында ABC журналисі Хашогги өлімі туралы сұрақ қойған кезде, АҚШ президенті ханзаданы «маған бұл адам ұнады-ұнамады деудің қажеті жоқ» деп қорғап, қонақты ыңғайсыз жағдайға қалдырмауды ескертті.
Кездесуден кейін Ақ үй Сауд Арабиясымен азаматтық ядролық энергетика саласында бірлескен декларацияға қол қойылғанын хабарлады. Бұдан бөлек, Трамп Эр-Риядқа F-35 жойғыш ұшақтарын сату жоспарын мақұлдады. Бұл шешім АҚШ-тың кейбір әскери шенеуніктері мен Израильдің алаңдаушылығын туғызды: озық технологиялардың Сауд Арабиясы арқылы Қытайға өту қаупі бар, ал Израиль аймақтағы әскери басымдығынан айырылуы мүмкін.
Ал Трамп Сауд Арабиясын «АҚШ-тың тамаша одақтасы» деп атап, бұл шешімді стратегиялық серіктестік ретінде түсіндірді. Кездесуден кейін АҚШ Сауд Арабиясын НАТО-дан тыс маңызды одақтас мәртебесіне ие етті.
Мұнымен қатар, тараптар жасанды интеллект, стратегиялық минералдар және ядролық энергетика салаларында жаңа келісімдер жасасты. Сауд Арабиясы АҚШ-тағы инвестиция көлемін $1 трлн-ға дейін жеткізуге уәде берді. Трамптың айтуынша, мұндай ауқымды капитал салымы екі ел үшін де экономикалық және қауіпсіздік тұрғысынан тиімді болмақ.
Вашингтон ханзаданы ерекше салтанатпен қарсы алды: Пенсильвания авенюсі мен Лафайет саябағына екі елдің жалаулары ілінді, қызыл кілем төселді, F-35 және F-15 жойғыштары ұшты, салют атылды. Сапар ресми түрде «жұмыс барысындағы» деп аталғанымен, рәсімнің салтанаты мемлекеттің жоғары деңгейдегі сапарына жақын болды.
Бұған дейін, мамыр айында, АҚШ пен Сауд Арабиясы $142 млрд көлеміндегі қару-жарақ келісімін бекіткен болатын.