homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы қымбаттамайтынын мәлімдеді

19.11.2025, 12:35

Серік Жұманғариннің айтуынша, халық ең жиі тұтынатын 29 тауардан тұратын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік себетінің бағасы биыл екі апта ішінде небәрі 0,1 пайызға өзгерген, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет кулуарында азық-түлік бағасына қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, тұтынушылар себетінде барлығы 160 тауар түрі бар, бірақ қазір қымбаттап жатқан өнімдер әлеуметтік маңызы бар тізімге кірмейді. Ал жиі тұтынылатын 29 тауардан тұратын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік топтамасының бағасы айтарлықтай өзгермеген.

Жұманғариннің сөзінше, биыл екі аптада бұл тауарлардың бағасы бар болғаны 0,1 пайызға өсті. Министр әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуін күтпейтінін атап өтті, себебі олардың бағасы үнемі бақылауда тұр. Қымбаттап жатқан өнімдерге әлеуметтік маңызы жоқ, маусымдық емес тауарлар – қызанақ, қияр, ет және қарақұмық жатады. Соның ішінде қарақұмық бағасы айтарлықтай көтерілген.

Бұған дейін ведомство басшысы қияр мен қызанақты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне енгізу мәселесі қарастырылып жатқанын мәлімдеді.