2025 жылдың алғашқы жартысында жылжымайтын мүлікке байланысты қызметтердің жалпы көлемі 1,4 трлн теңгеге жетіп, бір жылда 42,6 пайызға өсті. Негізгі өсім Алматы мен Астанада тіркелді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, жылжымайтын мүлікке қатысты қызметтердің ақшалай көлемі бес жыл қатарынан өсіп келеді. Тек пандемияның алғашқы жылында 12 пайыздық төмендеу болған. 2025 жылдың қаңтар–маусымында көрсетілген қызметтердің жиынтық құны 1,4 трлн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 412 млрд теңгеге артты.
Өңірлер арасында Алматы айқын жетекші. Биылғы алты айда қалада көрсетілген қызмет көлемі 608,8 млрд теңгеге жетіп, 73,8 пайызға ұлғайды. Бұл республика бойынша өсімнің негізгі бөлігі – 258 млрд теңге. Астана да жоғары көрсеткіш көрсетті: 257,1 млрд теңге, өсім – 26,7 пайыз. Алғашқы бестікке Шығыс Қазақстан (97,5 млрд теңге), Атырау (60,6 млрд теңге) және Қарағанды облыстары кірді.
Қызмет құрылымының жартысына жуығы – тұрғын үйді жалға беру және басқару. Бұл сегменттің жалпы көлемі 681,5 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 29,6 пайызға артқан. Офис ғимараттарын жалға беру мен басқарудан түскен кіріс бұдан үш есе аз — 180,9 млрд теңге. Алайда бұл бағыттар түрлі салмаққа ие: тұрғын үй көлемі кең, ал офис алаңының шаршы метрі әлдеқайда қымбат.
Ең жоғары өсім сауда және көпфункционалды орталықтардағы жалға беру қызметінде байқалды: сегмент көлемі 7 еседен артық өсіп, 24,9 млрд теңгеден 176,3 млрд теңгеге дейін артқан. Сарапшылар мұны жалға берілетін жаңа нысандар санының артуымен байланыстырады. Статистика бойынша, биыл Қазақстанда пайдалануға берілген жаңа коммерциялық ғимараттардың ауданы 2,2 есеге ұлғайған: былтыр 2,3 млн шаршы метр болса, биыл 4,9 млн шаршы метр. Сауда нысандары 59,3 пайызға, мәдени-ойын-сауық ғимараттары 84,4 пайызға, офис ғимараттары 22,5 пайызға көбейген.
Сектордағы маңызды трендтердің бірі – қызмет көрсетушілер санының азаюы. Бір жылда жылжымайтын мүлікпен айналысатын компаниялар мен жеке кәсіпкерлердің саны 28 пайызға азайып, 6,9 мыңға түскен. Соңғы бес жылда бұл көрсеткіш екі есеге төмендеген. 2024 жылы тіркелген ұйымдардың басым бөлігі — жеке кәсіпкерлер (4,3 мың), бірақ қызмет көлеміндегі олардың үлесі небәрі 27,1 пайыз. Ал 72,9 пайызды құрайтын негізгі табыс заңды тұлғаларға тиесілі.