homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Қазақстанда ұзақ мерзімді депозиттер көлемі 8 трлн теңгеге жетті

19.11.2025, 09:05

Елдің банк секторында халық қаражатының өсуі жалғасып, ұзақ мерзімді жинақ өнімдеріне сұраныс айтарлықтай артты. Биыл ұзақ мерзімді депозиттер көлемі 8 трлн теңгеге дейін ұлғайды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қазақстанның қаржы жүйесінде 23 екінші деңгейлі банк жұмыс істейді. Олардың 15-інде шетелдік қатысу бар. Алайда банк секторындағы барлық ұйым жеке тұлғаларға қызмет көрсетпейді. Ислам банктері өз қағидатымен жұмыс істесе, бірқатар шетелдік банктер корпоративтік клиенттерге бағытталған. Ал ірі отандық банктер халыққа дәстүрлі депозиттерден бастап мемлекеттік бағдарламалар аясындағы жинақ және инвестициялық өнімдерге дейін толық қызмет ұсынады.

Биыл 1 қазандағы жағдай бойынша ұзақ мерзімді депозиттер көлемі 8 трлн теңгеге жетіп, бір жылда 8,9 пайызға өсті. Соңғы бес жылда бұл көрсеткіш үш есеге жуық артқан. Мұндай серпінге бірнеше фактор әсер етті: банк секторындағы тұрақтылықтың күшеюі, депозиттерді кепілдендіру жүйесінің дамуы, сыйақы мөлшерлемелерінің көтерілуі және тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің қарқынды дамуы.

Ұзақ мерзімді тенгелік салымдар өсімінде негізгі үлес Отбасы банкке тиесілі. Бұл ұйым тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асырады. Бір жылда банктегі ұзақ мерзімді салымдар 267,6 млрд теңгеге көбейіп, 2,5 трлн теңгеге жетті. Жыл басынан бері осы жүйе арқылы 56 мың отбасы баспана алған. Қазіргі уақытта 3,1 миллионнан астам қазақстандық осы банкте тұрғын үйге жинақтап отыр. Күн сайын шамамен 2,5 мың жаңа депозит ашылып, 200-ге жуық несие беріледі.

Екінші орында Bereke Bank тұр. Мұндағы ұзақ мерзімді салымдар жыл ішінде 136,9 млрд теңгеге өсіп, 315,4 млрд теңгені құрады. Банкте жоғары мөлшерлемелі жаңа депозиттік өнімдер сұраныс тудырған. Үштікті Банк ЦентрКредит түйіндейді — салымдар 102 млрд теңгеге көбейіп, 1 трлн теңгеге жетті. Ал алғашқы бестікке Freedom Bank пен Bank RBK енді.

Депозиттер нарығындағы оң динамика халықтың банк жүйесіне сенімінің күшеюін көрсетеді. Ұзақ мерзімді жинақтарға қызығушылықтың артуы қазақстандықтардың қаржылық қауіпсіздік жастығын қалыптастыруға және ірі мақсаттарға, әсіресе баспана сатып алуға бағытталған капитал жинауға бет бұрғанын аңғартады. Бұл үрдіс банк секторының тұрақтылығын арттыруға ықпал етіп отыр.
 

Теги:

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.