homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Украина Ресейден табиғатқа келтірілген залал үшін 44 млрд доллар талап етті

19.11.2025, 09:02

Украина соғыстың экологияға келтірген зияны үшін Ресейден 44 миллиард доллар өтемақы сұрап отыр. Ел билігі жарылыстар мен өрт салдарынан орман жойылып, су мен жер уланғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Украинаның экономика, экология және ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Павел Карташовтың айтуынша, соғыс басталғаннан бері табиғатқа келген шығын орасан. Жойқын жарылыстар мен өрттен мыңдаған гектар орман жанып кеткен, ал топырақ пен су көздері улы заттармен ластанды. Сарапшылардың есебінше, соғыс кезеңінде шамамен 237 миллион тонна шығарынды пайда болды. Бұл көлем Ирландия, Бельгия және Австрияның жылдық шығарындысына тең. Зиянды газдардан келген шығын тоннасына 185 доллар деп есептелді.

Украина бұл талапты Еуропа Кеңесі бекіткен жаңа өтемақы механизмі арқылы рәсімдеуге дайындалып жатыр. Қазіргі уақытта шамамен 70 мың арыз берілген. Алайда өтемақы қай көзден төленетіні нақты емес. Еуропалық Одақ осы мақсатта Ресейдің бұғатталған активтерін пайдалануға болатынын айтты.

Павел Карташов табиғат пен экожүйенің де соғыс құрбаны екенін атап өтті. Оның айтуынша, ел аумағындағы су, жер және орманға келтірілген залал ауқымды, ал атмосфераға таралған парниктік газдардың мөлшері бұрын-соңды болмаған деңгейге жетіп отыр.