Биыл қаңтар–қазан айларында елдегі негізгі капиталға салынған инвестициялар 13,1 пайызға өсіп, 15,9 трлн теңгені құрады. Өсімнің басым бөлігі кәсіпорындардың өз қаражаты есебінен қамтамасыз етілді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, инвестицияның негізгі көзі шаруашылық субъектілерінің өз қаражаты болды. Он айда олар 10 трлн теңге көлемінде қаражат құйған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11,9 пайызға артық. Бюджет есебінен 3,6 трлн теңге бөлініп, 36,6 пайыздық айтарлықтай өсім көрсетті. Банк секторынан 650,3 млрд теңге бағытталды, ал шетелдік инвесторлар 479,6 млрд теңге салды.
Салалық құрылым бойынша ең көп инвестиция өнеркәсіпке тиесілі. Бұл бағыттағы қаржы 7,6 трлн теңгеге дейін өсіп, 8,6 пайыздық ұлғаю байқалды. Көлік және қойма шаруашылығына салынған инвестициялар 2,9 трлн теңгені құрап, 14,8 пайызға артты. Жылжымайтын мүлікпен байланысты операцияларға да шамамен 3 трлн теңге құйылды.
Кәсіпорындар санаты бойынша ең көп қаражат шағын бизнеске бағытталды – 9,3 трлн теңге. Бұл 12,6 пайыздық өсім. Орта бизнеске салынған инвестиция көлемі 1,6 трлн теңгеге жетіп, 31,6 пайызға ұлғайды. Ірі кәсіпорындар 5 трлн теңге тартты.
Өңірлік бөліністе екі облыста инвестиция көлемі азайғаны байқалды. Атырау облысында қаржы салымы үштен біріне жуық төмендеп, 1,2 трлн теңгеге түсті. Абай облысында көрсеткіш 0,9 пайызға кеміп, 416,5 млрд теңге болды. Ал Ақмола және Павлодар облыстарына құйылған инвестициялар 1,5 есе артты. Жамбыл, Ақтөбе және Түркістан өңірлерінде де айтарлықтай өсім тіркелді.
Республикалық маңызы бар қалалар да белсенділігімен ерекшеленді. Астанаға салынған инвестиция көлемі 1,9 трлн теңгеге жетіп, 31,4 пайызға өсті. Алматыда бұл көрсеткіш 1,6 трлн теңге болды. Шымкентте 585 млрд теңге көлемінде қаржы құйылып, 4,7 пайыздық өсім байқалды.