homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Қазақстанда еңбекақысы төмен салалар әлі де орташа деңгейге жете алмай отыр

18.11.2025, 16:11

Halyk Finance талдаушысы Алексей Афонский еңбекақы құрылымындағы теңсіздік сақталып отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, биылғы тоғыз айда орташа жалақы нақты мәнде 0,4 пайызға төмендеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында Қазақстандағы орташа номиналды жалақы 433 312 теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты мәнде 0,4 пайызға аз. Номиналды өсім 10,6 пайыз болды. Салалар бойынша ең жоғары жалақы дәстүрлі түрде кен өндіру өнеркәсібінде тіркелді – орта есеппен 930,5 мың теңге. Ақпарат және байланыс саласында өсім 13,2 пайызға жетіп, орташа еңбекақы 833,1 мың теңге болды. Оның ішінде ақпараттық технологиялар бағыты бойынша жалақы 1,3 миллион теңгеге дейін көтерілген. Ең төменгі көрсеткіш «Өнер, ойын-сауық және демалыс» санатында байқалды – 297,2 мың теңге.

Нақты еңбекақы өсімі 11 салада байқалса, алты салада керісінше төмендеу болды. Ең үлкен құлдырау құрылыс секторында тіркелді – 10,6 пайыз. Талдаушының бағалауынша, қазақстандық еңбек нарығына ресурстарға қолжетімділіктің біркелкі болмауы тән, сол себепті жоғары табыс аз жұмысшы шоғырланған салаларға тиесілі болып отыр. Мәселен, қаржы секторында небәрі 99,8 мың адам жұмыс істейді, бұл жалпы жұмыспен қамтылғандардың 2,7 пайызы ғана. Алайда олардың жалақысы ел бойынша орташа деңгейден 2,1 есе жоғары. Кен өндіру саласында 194,6 мың адам еңбек етеді, бұл 5,2 пайыз, алайда еңбекақы мұнда да орташа деңгейден екі еседен жоғары. Ал ең көп жұмыс күші шоғырланған білім беру саласында (1,1 миллион адам) жалақы орташа деңгейден 25,6 пайызға төмен және нақты мәнде 3,4 пайызға азайған.

Ресми жұмыссыздық деңгейі үшінші тоқсанда 4,6 пайыз болып қалды. Бұл — 448,6 мың адам. Жұмыс күшінің жалпы саны 9,8 миллион адамға жетіп, бір жылда 1 пайызға өсті. Жұмыссыздардың ішінде 35–44 жас аралығындағы азаматтар басым — 151 мың адам. Бұл санат жалпы жұмыс күшінің 28,9 пайызын құрайды, ал жұмыссыздар ішіндегі үлесі 33,6 пайыз. Талдаушының пікірінше, мұндай айырмашылық бұл жастағы азаматтардың еңбек биржасына жиі жүгінуімен байланысты болуы мүмкін.

Ел бойынша үшінші тоқсанда 63,9 мың бос жұмыс орны тіркелген. Бұл көрсеткіш жас мөлшеріне қарай сараланған жұмыссыздар санынан 2,4 есе аз. Осындай арақатынас еңбек нарығының сыйымдылығы жеткіліксіз екенін көрсетеді. Еңбекке тартылғандардың 76,7 пайызы — жалдамалы жұмысшылар. Сонымен бірге 2,2 миллион адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қатарына енгізілген.

Halyk Finance талдаушысы бұрынғы есептерге сүйене отырып, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың бір бөлігі іс жүзінде жұмыссыз болуы мүмкін екенін айтады. Сондықтан бұл топтың қысқаруы мен жалдамалы жұмысшылардың көбеюін жасырын жұмыссыздықтың төмендеуі ретінде бағалауға болады.

Жалпы ел бойынша нақты жалақының 0,4 пайызға төмендеуі экономика өсімімен сәйкес келмеді. Талдаушы мұны ішкі құрылымдағы ерекшеліктермен байланыстырады. Оның айтуынша, экономикалық өсімнің едәуір бөлігі Теңіз кен орнындағы жобаның аяқталуы және Ұлттық қордан бөлінген қаражат есебінен мемлекеттік шығындардың ұлғаюымен қамтамасыз етілген. Келер жылы фискалдық ынталандыру көлемі екі есе қысқарады. Бұл жайт экономикалық өсімнің халық табысына әсері туралы пікірталасты күшейтіп отыр.

Талдауда шағын кәсіпорындар (100 адамнан аз қызметкері бар ұйымдар) қамтылмағаны ескерілді. Сонымен қатар алдағы бес жылда 2,5 миллион маман автоматтандыру тәуекеліне тап болуы мүмкін екені де айтылды.