homepage
Фото:gov.kz

Астанада тұмау мен ЖРВИ күшейіп, соңғы аптада 23 мыңнан аса адам сырқаттанды

18.11.2025, 12:41

Эпидемиологиялық маусым басталғалы Астанада 82 520 ЖРВИ және тұмау жағдайы тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6 пайызға көп деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Соңғы аптада ғана 23 мыңнан астам адам ауырған, олардың жартысынан көбін балалар құрайды. Қала стационарларында 359 адам емделіп жатыр, тағы 4 574 науқас үй жағдайында дәрігер бақылауында. Балалар ауруханаларына тәулігіне 350–500 бала түсуде, әр төртінші балаға жедел госпитализация қажет болып жатыр.

Балалар ауруханаларындағы орын жетіспеушілігіне байланысты қосымша төсектер сатып алынуда, дәрігерлер мен медбикелер саны да арттырылды. Поликлиникаларда сүзгі кабинеттері мен мобильді топтардың жұмысы күшейтілген.

Дәрігерлердің айтуынша, биылғы вирустың белгілері әдеттегіден ауыр. №3 қалалық балалар ауруханасының дәрігері Роза Өтегенова қазіргі вирустың 2–3 күн бойы 39–40 градус қызумен өтетінін, қызу түсіретін дәрілердің әсері баяу болатынын айтады. Одан бөлек, бұрын болмаған тырысу, тыныс алудың қиындауы, ларингит жағдайлары жиілеген. Ол ата-аналарға парацетамолды мөлшерден тыс бермеуді ескертті: артық дозасы бауырға зақым келтіріп, қан кету мен қан ұюының бұзылуына әкелуі мүмкін.

Дәрігерлер алғашқы белгілер байқалғанда көпшілік бірден стационарға емес, алдымен поликлиникаға жүгінген дұрыс екенін айтады. Дер кезінде қаралмау ауруханаларға жүктемені арттырып отыр.

Санитарлық қызмет тұрғындарға алдын алу шараларын ұстануды еске салады: адамдар көп жиналатын жерлерде маска тағу, бөлмені желдетіп отыру, қолды жиі жуу, вакцина салдыру және өзін жайсыз сезінгенде қоғамдық орындарға бармау.