Қазақстанда 24 қарашадан бастап жаңа несиелерді рәсімдеу тәртібі күрделенеді. Бұл туралы тиісті қаулыны қаржы нарығын реттеу агенттігі бекіткенін Juzmedia.kz хабарлайды.
Ұлттық банктің банктер мен банк-емес ұйымдары үшін тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесіне қатысты ережелеріне өзгерістер енгізілді. Соның ішінде қарыз алушыларға қойылатын талаптар күшейтілді.
Ең маңызды өзгеріс – қарыз жүктемесінің коэффициенті қайта қаралды. Соңғы 12 айда 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар азаматтар үшін КДН 0,5-тен 0,25-ке дейін төмендетіледі. Бұл олардың шамадан тыс қарыз жүктемесін алуына шектеу қойып, қайта дефолтқа ұрыну тәуекелін азайтуға бағытталған.
Сонымен қатар кепілсіз тұтынушылық несие беруге бірнеше шектеу енгізіледі. Мұндай несие төмендегі жағдайлардың бірі анықталса берілмейді:
– банк несиелері бойынша 30 күннен астам мерзімі өткен берешек немесе микрокредиттер бойынша 1 күннен астам кешіктірілген қарыз болса;
– 2025 жылғы 1 шілдеден кейін негізгі қарыз немесе сыйақы толық кешірілген жағдайлар соңғы 36 айда тіркелсе;
– соңғы 12 айда жүргізілген реструктуризация қарыз алушының міндеттемелерді орындауына көмектеспеген болса.
Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов тұтынушылық несиенің шамадан тыс өсуі инфляцияны күшейтетін факторлардың бірі екенін айтқан. Сонымен қатар несиелеуді қатаңдату көлеңкелі нарықтың пайда болуына түрткі болуы мүмкін екенін ескерткен.