homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Түркиялық инвестор Қазақстанда зауыт салуды жоспарлап отыр

18.11.2025, 11:33

Түркиялық Iskefe Holding компаниясы Қазақстанда желатин шығаратын зауыт салуға ниетті екенін Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады деп жазады Juzmedia.kz.

Жобаның құны 22,5 млрд теңге көлемінде бағаланып отыр. Желатин өндіретін кәсіпорынның құрылысы келесі жылы басталады деп жоспарланды. Болашақ зауыттың өндірістік қуаты жылына 7 мың тонна болуы керек.

Бұл жоба алғаш рет 2022 жылы жария болды. Ол кезде түркиялық инвестор Алматы индустриялық аймағында КРС терілерін қайта өңдеп, желатин өндіретін зауыт тұрғызатыны айтылған. Құрылыс сол жылы басталып, 2023 жылы іске қосылады деп жоспарланған. Жобаның құны сол кезде 27 млн доллар деп көрсетілген. Алайда не себептен жоба іске аспай қалғаны белгісіз.

Шілде айында зауыт индустриялық аймақтың қатысушылары тізіміне енгізіліп, 4,5 гектар жер бөлінгені мәлім болды. Сол кезде инвестор зауыт құрылысына шамамен 9,8 млрд теңге құятыны және 100-ден аса тұрақты жұмыс орны ашылатыны хабарланған. Кәсіпорынның ашылуы бастапқыда 2024 жылға жоспарланған еді.

Өткен жылы зауытты іске қосу мерзімі 2026 жылға шегерілгені туралы ақпарат шықты. Сол кезде жобаның құны 22,1 млрд теңге деп көрсетілді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, Қазақстанда қазіргі таңда мал терісін өңдейтін 11 кәсіпорын бар. Олардың жылдық қуаты – 3,3 млн КРС терісі және 3,1 млн ұсақ мал терісі.

Бірақ өңдеудің нақты деңгейі өте төмен. 2024 жылы шикізаттың тек 5,9 пайызы ғана өңдеуге жіберілген, 7,7 пайызы экспортқа кеткен, ал 86,4 пайызы мүлде пайдаланылмаған күйінде қалды.

2024–2028 жылдарға арналған ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуді дамыту жоспары аясында 70-тен астам жүн қабылдау пунктін және шамамен 200 тері жинау пунктін ашу көзделген.