homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Қазақстанда қаладағы жұмыссыздық өсіп, ауылда керісінше азайды

18.11.2025, 11:10

2025 жылдың үшінші тоқсанында жұмыссыздар саны 448,5 мың адамды құрады. Бұл өткен жылдың дәл осындай кезеңімен бірдей көрсеткіш деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қалаларда жұмыссыздық 2,7 пайызға өсіп, 285,1 мың адамға жетті. Ал ауылдық жерлерде керісінше 4,4 пайызға азайып, 163,4 мың адам болды.

Ел бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайыз деп белгіленген. Бұл көрсеткіш қала мен ауылда бірдей сақталған. Ерлер арасында жұмыссыздық 4,1 пайыз болса, әйелдер арасында 5,1 пайызға жетті.

Жұмыссыздардың ең үлкен тобы – 35–44 жас аралығындағы азаматтар. Бұл санатта 151 мың адам тіркелген, бір жылда 1,4 пайыз өсім бар. Ал 16–34 жас аралығындағы жастар арасында жағдай әркелкі: 16–24 жаста 42,1 мың адам (+7%), 25–28 жас аралығында 22,5 мың (-18,4%), 29–34 жаста 50,5 мың адам (-0,6%) жұмыссыз жүр.

Жұмыссыз қалудың негізгі себебі – адамның өзі жұмыстан шығуы. Мұндайлар 113,1 мың адамды құрап, бір жылда 18,3 пайызға өскен. Екінші орында – жұмыс таба алмау (111,2 мың адам, +16,8%). Үй шаруасына байланысты еңбекке қатыса алмайтындар да көбейген – 55,6 мың адам (+27,3%). Ал компания жабылуы немесе штат қысқаруы салдарынан жұмыссыз қалғандар 30,9 мың адамға дейін азайған (-19,7%). 1,6 мың адам жұмыс істеуге қажеттілік жоқ деп есептейді (-11,8%).

Жұмыс іздеушілердің 126,6 мыңы бір айдан аз уақыт ішінде жұмыс қарастырып жүрген (-0,6%). Ал алты айдан бір жылға дейін жұмыс іздеп жүргендер саны бір жылда 1,7 есе өсіп, 65,4 мың адамға жетті.

Өңірлер бойынша жұмыссыздардың ең көбі Алматыда – 51,8 мың адам. Одан кейін Түркістан облысы – 39,9 мың, Алматы облысы – 35,7 мың.

Ең жоғары жұмыссыздық деңгейі Маңғыстау (5,1%), Павлодар (5,1%) және Атырау (4,9%) облыстарында тіркелді. Жастар арасында көрсеткіш Алматыда – 4%, Астанада – 3,9%.