АҚШ Қаржы министрлігі «Лукойлдың» шетелдік активтеріне қол жеткізуге рұқсат бергеннен кейін, американдық Chevron ресейлік компанияның халықаралық жобалардағы үлестерін сатып алу мүмкіндігін қарастырып жатыр деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Reuters дерегінше, Chevron әсіресе Қазақстандағы ірі мұнай-газ жобаларына қызығушылық танытқан. «Лукойл» Карачаганактағы 13,5 пайыздық және Теңіздегі 5 пайыздық үлесіне қатысты келісім жүргізуге дайын. Бұл жобаларда Eni, Shell және Exxon Mobil да бар.
Қазан айында енгізілген санкциялар «Лукойлды» халықаралық активтерінің бір бөлігін сатуға мәжбүрледі. Өткен аптада АҚШ Қаржы министрлігі шектеулерге қарамастан, әлеуетті сатып алушыларға компаниямен келіссөз жүргізуге рұқсат берді.
Reuters мәліметінше, Chevron-нан бөлек, америкалық Carlyle инвестициялық компаниясы да активтерді сатып алу ықтималдығын қарастыруда. «Лукойылдың» портфелінде Еуропадағы үш мұнай өңдеу зауыты, Ирак, Өзбекстан, Мысыр, Мексика және Нигериядағы кен орындары, сондай-ақ әлем бойынша жүздеген жанармай бекеттері бар.
Бұған дейін «ҚазМұнайГаздың» «Лукойл» активтерін сатып алуы мүмкін екені туралы ақпарат тараған. Алайда ұлттық компания бұл мәліметті жоққа шығарды. КМГ Карачаганак жобасына қатысты санкциялық тәуекелдерді тексеріп жатқанын ғана мәлімдеді.
Минэнерго басшысы Ерлан Әккенженов те Қазақстан үкіметі «Лукойлдың» активтерін сатып алуды талқыламайтынын айтты. Оның сөзінше, Карачаганак, Теңіз және КТК санкциялық тізімге кірмеген, сондықтан жобалар қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.
Санкциялар аясында «Лукойл» шетелдік активтері бойынша шешімді желтоқсанның ортасына дейін қабылдауы тиіс. Оның ішінде Болгариядағы Бургас мұнай өңдеу зауыты да бар. Бұл – компанияның ең ірі халықаралық нысаны. Бұған дейін КМГ оны сатып алу ықтималдығын қарастырған. Сарапшылардың пікірінше, бұл зауыттың сатылуы Қазақстанға еуропалық нарыққа шығу мүмкіндігін аша алады.