homepage
Фото: Ақорда

Президент Тоқаев «Жасанды интеллект туралы» заңға қол қойды

17.11.2025, 17:29

Қазақстанда жасанды интеллект технологияларын қолдану мен реттеудің жаңа құқықтық негізі бекітілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект туралы» заңға қол қойды деп хабарлайды Juzmedia.kz.

– Ақорданың мәліметінше, заң жасанды интеллект жүйелерінің құқықтық мәртебесін алғаш рет айқындады. Енді ЖИ ақпараттандыру нысаны ретінде танылып, адамның белгілі бір функцияларын орындайтын құрал ретінде заңмен бекітіледі.
– Заңда ЖИ жүйелерінің иелері мен пайдаланушыларына қауіпсіздік, сенімділік, жауапкершілік және тәуекелдерді басқару міндеттері жүктеледі.
– Құжаттың негізгі қағидаттары: заңдылық, әділдік, ашықтық, тең құқықтылық, адамның игілігіне бағытталу және жеке деректерді қорғау.
– Заң заңсыз, зиян келтіретін немесе адамның құқықтарына қауіп төндіретін жасанды интеллект жүйелерін әзірлеуге және қолдануға тыйым салады. Әсіресе адамның рұқсатынсыз тануға, мінез-құлқына ықпал етуге немесе манипуляцияға бағытталған алгоритмдер қатаң шектеледі.
– ЖИ көмегімен жасалған кез келген материал, өнім немесе қызмет арнайы «Жасанды интеллект негізінде жасалған» деген таңбамен белгіленуге тиіс.
– Құжат аясында ұлттық жасанды интеллект платформасын құру жоспарланған. Ол ЖИ модельдерін әзірлеу, оқыту және тестілеуге арналған бірыңғай экожүйе болады.

Заң жасанды интеллектті қауіпсіз, жауапты және қоғамдық құндылықтарға сай қолдануды қамтамасыз етуге бағытталады.