Атырауда Яна Легкодимованы өлтірген екі адамға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Атырау сотында 23 жастағы Яна Легкодимованың өліміне қатысты резонансты қылмыстық іс қаралды. Айыпталушылар — 24 жастағы Ризуан Хайржанов пен 25 жастағы Алтынбек Қатимов — адамдар тобы алдын ала сөз байласып жасаған өлтіру бойынша кінәлі деп танылды. Сот оларды өмір бойына бас бостандығынан айырды.
Сот шешімі бойынша олар марқұмның анасына 1 миллион 955 мың теңге материалдық шығын және әрқайсысы 15 миллион теңгеден моральдық өтемақы төлеуі тиіс.
Тергеу дерегінше, 18 қазан күні олар Яна Легкодимованы көлікте буындыру арқылы өлтіріп, денесін өзенге тастаған. Қыздың сүйегі 8 айдан кейін Жайық жағалауынан табылған.