homepage
Ашық дереккөзден

Қазақстанда 2026 жылға дейін басталған тұрғын үй құрылыстары ҚҚС-тен босатылады

17.11.2025, 10:05

Қазақстанда тұрғын үй құрылысына қатысты жаңа салық ережелері түсіндірілді деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Жаңа салық кодексі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап тұрғын үйге қосылған құн салығын (ҚҚС) енгізуді қарастырады. Алайда ҚҚС бұрын басталған жобаларға қолданылмайды. Мемлекеттік табыс комитетінің түсіндіруінше, құрылысы 2026 жылға дейін басталған барлық тұрғын үй нысандары ҚҚС-тан толық босатылады.

Егер үйдің құрылысы 2025 жылы басталып, нысан 2026 жылы пайдалануға берілсе де, ҚҚС салынбайды. Жеңілдік тек тұрғын үйге қатысты, құрамында коммерциялық бөлігі бар аралас ғимараттар бұл қатарға кірмейді.

Сонымен қатар, сатып алу құқығымен берілетін ұзақ мерзімді жалға алу келісімдері де 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін жасалса, ҚҚС салынбайды.

Сарапшылар ҚҚС енгізілгенімен, тұрғын үй бағасы бірден күрт қымбаттамайды деп отыр. Бағаның өсуі кезең-кезеңімен жүреді: алдымен құрылыс компаниялары 2026 жылға дейін жобаларын жаппай бастап үлгеруге тырысады, ал кейін бұл жоба саны азайған кезде сұраныс өсіп, баға да жоғарылауы мүмкін.

Сонымен бірге, нарықтағы бағаның қымбаттауына ҚҚС емес, бәсекенің төмендігі мен нарықтың жабықтығы көбірек әсер етуі мүмкін екенін мамандар атап өтті.

Жалпы, 2026 жылға дейін басталған тұрғын үй құрылыстары ҚҚС-тен босатылады, ал жаңа жобалар үшін салық енгізілгеннен кейін баға біртіндеп өзгеруі ықтимал.