Иранда құрғақшылыққа байланысты жасанды жаңбыр шақыру үшін бұлттарға химиялық себу басталғаны хабарланды деп жеткізеді Juzmedia.kz.
Иранның ресми агенттігі IRNA сенбі күні бұлттарды реагенттермен өңдеу Урмия көлінің үстінде жүргізілгенін мәлімдеді. Күміс немесе калий йодидін әуеден немесе жерден бұлтқа шашу арқылы су буының қоюлануы жеделдеп, жауын түсу ықтималдығы артады. Бірнеше жыл бойы құрғап, үлкен бөлігі сорға айналған Урмия Ирандағы ең ірі көл саналады. Агенттік мәліметінше, келесі кезеңде бұлттарды себу жұмыстары Батыс және Шығыс Әзербайжан провинцияларында жалғасады.
Иран метеорологиялық ұйымы биыл ел бойынша жауын-шашын көлемі көпжылдық нормадан 89 пайызға азайғанын хабарлады. 9 миллионнан астам тұрғыны бар Тегеран қаласында су қоймалары өз қуатының 10 пайызына дейін төмендеген. Билік су беруге шектеу қоюды қарастырып жатыр, ал президент Масуд Пезешкиан тіпті тұрғындарды эвакуациялау қажет болуы мүмкін екенін жоққа шығармағанын BBC жазды.