Қазақстанда қант диабеті әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімінен алынатыны хабарланды. Келесі жылдан бастап бұл ауру МӘМС арқылы қаржыландырылады деп жеткізеді Juzmedia.kz.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, елде 535 мың адам қант диабетімен есепте тұр. Оның 504 мыңнан астамы – екінші типті диабет, 30 мыңнан астамы – бірінші типті, ішінде 5 625 бала бар.
Министрлік қант диабетін әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімінен алып тастау МӘМС арқылы қызмет көрсету жүйесін күшейтуге бағытталғанын мәлімдеген. Осыған байланысты барлық шығын сақтандыру пакеті арқылы өтелмек.
Қоғамдық бірлестіктер бұл шешім сақтандырылмаған азаматтарға әсер етуі мүмкін екенін айтып отыр. Шамамен 1 600 адам инсулинге қол жеткізуде қиындыққа тап болуы ықтимал деген пікір айтылған.
Амбулаториялық дәрілер тізімінен бірнеше препарат шығарылды. Олардың қатарында ГПП-1 рецепторларының агонисттері — «Виктоза», «Трулисити» және басқа ұқсас дәрілер бар. Бұл өзгеріс екінші типті қант диабетімен ауыратын көптеген адамға ықпал етуі мүмкін.
Мамандар қант диабетінің асқынулары — бүйрек қызметінің бұзылуы, көру қабілетінің төмендеуі, жүрек-қантамыр аурулары сияқты қауіптерді ескертеді. Қандағы қанттың жоғары болуы тамырларға тұрақты салмақ түсіретіні айтылды.