homepage
Фото: ҰБ баспасөз қызметі

Сүлейменов экономикалық өсім мен халық табысы арасындағы алшақтыққа қатысты түсінік берді

15.11.2025, 14:02

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов XIII Қаржыгерлер конгресінде экономикалық өсім жоғары болғанымен, халық табысының төмендеуіне қатысты қойған сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Сессия модераторы, бұрынғы Ұлттық банк басшысы Ораз Жандосов Қазақстанда III тоқсанда өсім 6,5 пайыз болғанына қарамастан, нақты жалақы 2 пайызға төмендегенін, инфляция да 12,6 пайыз деңгейінде екенін атап өтті. Осыған байланысты ол экономикалық өсімді жоғалтпай, халық табысын арттыру және инфляцияны 7–8 пайызға дейін түсіру жолын сұрады.

Тимур Сүлейменов экономикалық өсім мен нақты табыс арасындағы алшақтықты инфляцияның әсерімен түсіндірді. Оның айтуынша, жоғары инфляция – негізгі сын-қатер. Бір жағынан, сыртқы факторлар қысым жасап отыр, екінші жағынан, ел ішінде қабылданған қажет шешімдердің де ықпалы бар. Әсіресе COVID кезеңінде кеңейген бюджет-салық саясаты бірнеше жыл бойы экспансиялық күйде қалғанын айтты.

Оның мәліметінше, жоспарланған бюджет және салық реформалары айтарлықтай дезинфляциялық әсер береді. Бюджет тапшылығы 2,5–2,7 пайыздан 0,9 пайызға дейін төмендейді. Ұлттық қордан бөлінетін трансферт те 5,5 трлн теңгеден 2,8 трлн теңгеге дейін қысқарады. Бұл өзгерістер фискалдық тәртіпті күшейтеді.

Сүлейменов салық-бюджет саясатының қатаюы мен ақша-кредит саясатының бір уақытта жүруі экономикалық өсімге қысым түсіретінін жоққа шығармады. Бірақ ол екі саясатты «екі газ реттегіші» деп сипаттап, екеуін де шектен тыс жұмсарту инфляцияны күшейтіп, кейін экономикалық құлдырауға әкелетінін айтты.

Оның сөзінше, тарифтерді түзету біртіндеп және бақылаулы түрде жүргізіледі, ал инфляцияны төмендетуге бағытталған басқа шаралар ақша-кредит саясатын кезең-кезеңімен жұмсартуға мүмкіндік береді. Орта және ұзақ мерзімде бұл саясат бейтарап сипатқа оралуы тиіс.

Сүлейменовтің айтуынша, кез келген реформаның түпкі мақсаты – халықтың әл-ауқатын жақсарту.

Ораз Жандосов сөз соңында Қырғызстан экономикасының 10 пайыздық тұрақты өсім көрсетіп отырғанын атап өтіп, «қазіргі уақытта керісінше бізге үйрену керек кезең келді» деген пікір білдірді.

Бұған дейін Тимур Сүлейменов конгресс ашылуында бағалы қағаздар нарығын реформалау жоспарларын жариялаған болатын.
 

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.