Күләш Ахметованың дүниеден өткені туралы ақпаратты Мәдениет және ақпарат министрлігі растады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Министрліктің мәлімдеуінше, Күләш Ахметова нәзік лиризмге, азаматтық үнге және ұлттық руханиятқа қосқан үлкен үлесімен қазақ поэзиясында айрықша орын алған. «Қазақ поэзиясының ақ гүлі» атанған ақынның «Ақ гүлім менің», «Сен менің бақытымсың», «Бұлақтағы жұлдыздар», «Мейірім», «Жапырақ – жаздың жүрегі» сияқты жыр жинақтары бірнеше буынның эстетикалық талғамын қалыптастырғаны атап өтілді.
Күләш Ахметова 1946 жылдың 25 сәуірінде Қырғызстанда туған. 1961 жылы Жамбыл медициналық училищесін, 1973 жылы ҚазМҰУ-ды тәмамдаған. Оның шығармалары туған жерге сүйіспеншілік, адалдық, достық пен махаббат тақырыптарын, әйел жан әлемінің ерекшеліктерін терең суреттеуімен бағаланды.