Солтүстік Қазақстан облысында 44 жастағы ер адам фиброгастродуоденоскопия (ФГДС) кезінде қайтыс болды. Оқиға Шал ақын ауданының орталық аудандық ауруханасында тіркелді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Полицияның мәліметінше, ер адамның өлімі туралы хабар аудандық ауруханадан түскен. Осы дерекке байланысты қылмыстық іс қозғалып, барлық қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.
Аурухана өкілдері марқұм диспансерлік есепте тұрмағанын, алайда кейін аортаның аневризмасы сияқты ауыр диагноз анықталғанын мәлімдеді. Эндоскопты шығару кезінде пациенттің тынысы тоқтап қалған. Реанимациялық шаралар нәтиже бермеген.
ФГДС — асқазан-ішек жолдарының жоғарғы бөлігін тікелей қарауға мүмкіндік беретін зерттеу әдісі. Икемді эндоскоп ауыз арқылы енгізіліп, дәрігерге өңеш, асқазан және он екі елі ішекті көруге жағдай жасайды.