Қазақстанда еңбек нарығында «зумерлер дәуірі басталды» деген пікір шындыққа жанаспайды. 16–24 жас аралығындағы жұмысшылар басқа буындармен салыстырғанда ең төмен жалақы алады, деп хабарлайды Juzmedia.kz Бюро ұлттық статистикасының деректеріне сүйеніп.
2025 жылғы мәлімет бойынша, Z буынының орташа айлығы – 279,9 мың теңге. Ал қалған жастағы қызметкерлердің жалақысы 400 мың теңгеден жоғары. Ең көп табыс табатындар – миллениалдар (25–44 жас). 35–44 жастағы қызметкерлердің орташа жалақысы 455,1 мың теңгеге жеткен. Оларға жақын көрсеткішті X буыны (45–54 жас) көрсетеді – 430 мың теңге.
Жасы ұлғайған топтарда табыс төменірек: 55 жастан асқандар – 377,4 мың теңге, ал жұмыс істейтін зейнеткерлер – 337,3 мың теңге алады.
Статистика жалақы өсімінің де әркелкі екенін көрсетеді. Биыл ең жоғары өсім 35–44 (14,5%) және 45–54 (15,3%) жас топтарында тіркелді. Зейнеткерлердің жалақысы ең баяу – небәрі 5,9% өсті.
Білім деңгейі бойынша айырмашылық та айқын. Ең жоғары жалақы магистратура немесе аспирантура тәмамдаған мамандарда – 672,5 мың теңге. Жоғары білімді қызметкерлер орта есеппен 497,6 мың теңге алады. Ең төмен табыс (289,7 мың тг) – орта біліммен жұмыс істейтіндерде. Осы санатта жалақы өсімі де ең баяу (10,5%).
Биыл үшінші тоқсандағы орташа номиналды жалақы – 429,4 мың теңге. Бұл 2019 жылғы «докоронавирус» кезеңінен 2,3 есе көп.
Аймақтар бойынша айырмашылық күшейіп келеді. 2024 жылы ең жоғары орташа жалақы Атырау (633,3 мың тг), Маңғыстау (580,9 мың тг) және Ұлытау (533,6 мың тг) облыстарында тіркелген. Алайда мұндай табысты негізінен тау-кен секторында жұмыс істейтіндер ғана алады. Ең төмен көрсеткіш – Солтүстік Қазақстан, Жетісу және Түркістан облыстарында (шамамен 293–295 мың тг).
Салалар арасында ең жоғары номиналды жалақы – басшылар мен мемлекеттік емес басқару қызметкерлерінде (685,9 мың тг). Ал мемлекеттік қызметкерлердің орташа айлығы – 338,6 мың теңге. Одан кейінгі орында – өнеркәсіп, транспорт, құрылыс, жабдық операторлары мен жүргізушілер (460 мың теңгеден жоғары). Ең аз табыс алатындар – біліктілігі төмен жұмысшылар (180,2 мың тг).
Гендерлік айырмашылық та сақталып отыр: ерлердің жалақысы әйелдерден барлық санаттарда жоғары. Өнеркәсіпте айырмашылық 26,3% болса, қызмет көрсету саласында – 4,1%.
Жалпы алғанда, Қазақстандағы жалдамалы қызметкерлердің ең үлкен бөлігі (31,1%) айына 300–400 мың теңге аралығында табыс табады. Тағы 21,7% – 200–300 мың теңге, ал 21,3% – 100–200 мың теңге алады.
Орташа жалақыдан жоғары табыс (500 мың теңгеден көп) – еңбек нарығының 23% үлесін құрайды. Ең жоғары табыс алатындар – айына 1,1 млн теңгеден көп табатындар – барлық жұмысшылардың небәрі 3,9%-ы немесе 130,5 мың адам.