Ресейлік "Лукойл" компаниясының шетелдегі активтері бірнеше мемлекет пен халықаралық корпорацияның назарын аударып отыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Reuters мәліметінше, сатып алушылар АҚШ санкциялары күшейіп кетпей тұрып мәмілелерді тезірек рәсімдеуге тырысуда. Бұған дейін Вашингтон "Лукойлдың" кей активтерін Gunvor компаниясына сату әрекетін бұғаттаған. Санкциялар Ресейге Украина бойынша келіссөздерге қысым жасау мақсатында енгізілді.
Шектеулер компанияның Ирактағы, Финляндиядағы және Болгарияның "Бургас" мұнай өңдеу зауытындағы жұмысын қиындатты.
Агенттіктің үш дереккөзіне сүйенген ақпаратқа қарағанда, ҚазМұнайГаз "Лукойлдың" Қазақстандағы активтерін сатып алу мүмкіндігін талқылап жатыр. Компания әлемдегі ең ірі газ-конденсатты кен орындарының бірі саналатын Қарашығанақтағы үлеске ие. Бұл жобада Eni, Shell, Chevron және ҚМГ бірге жұмыс істейді.
Қазақстанның Энергетика министрлігі серіктестік бойынша кез келген шешім санкциялық тәуекелдер ескеріле отырып, барлық жоба қатысушыларымен бірге қабылданатынын мәлімдеді.
"Лукойлдың" активтеріне басқа үміткерлер де бар:
– Shell компанияның Гана мен Нигериядағы терең сулы жобаларына қызығушылық танытып отыр;
– Мысыр билігі үш концессияны сатып алу мүмкіндігі туралы сигнал алған;
– Молдова Кишинев әуежайындағы инфрақұрылымды ұлттандыру жөнінде келіссөздер бастаған;
– Болгария Бургас МӨЗ-ін мәжбүрлеп алу процесіне дайындық жүргізіп жатыр;
– SOCAR (Әзербайжан) мен Cengiz Holding (Түркия) зауытты бірлесіп сатып алуға өтініш берген.
"Лукойл" активтерін бөліп сату бойынша бәсеке алдағы кезеңде одан әрі күшейеді деген болжам бар.