homepage
Фото: Polisia.kz

Ұйғыр ауданында өзге мемлекеттің туын өртеген 12 адам қамауға алынды

14.11.2025, 15:31

Алматы облысының Ұйғыр ауданында шетел мемлекетінің туы мен сол ел басшысының бейнесін өртеген азаматтар әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Облыстық полицияның мәліметінше, оқиғаның қатысушылары ұсталып, 12 адамға 15 тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы тағайындалды. Тағы алты адамға 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.

Полиция бұл әрекетті «қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу» ретінде бағалап, үстінен Қылмыстық кодекстің «алауыздықты қоздыру» бабымен іс қозғағанын хабарлады. Тергеу басталды.

Құқық қорғау органдары ту мен портретті өртеу рұқсат етілмеген акция кезінде болғанын атап өтті. Өртенген ту мен бейненің қай мемлекетке тиесілі екені ресми түрде жарияланған жоқ.