homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Орталық Азияда ет қымбаттап жатыр: мәселенің түбі тереңде

14.11.2025, 14:39

Орталық Азия елдерінде ет пен ет өнімдерінің бағасы айтарлықтай өсіп, нарықта тұрақсыздық күшейіп отыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Сарапшылар мұны мал шаруашылығы саласындағы ұзақ жылдық жүйелі мәселелермен және мемлекеттік басқарудағы олқылықтармен байланыстырады.

Қазақстанда соңғы айларда сүйекті сиыр етінің бағасы шамамен 20 пайызға өсіп, Алматы базарларында бір келісі жаздағы 3800 теңгеден 4500 теңгеге жеткен. Бір жыл бұрын бұл баға 3200 теңге болған. Саудагерлер малдың өзіндік құны қымбаттап, жем-шөп пен су тапшылығы күшейгенін айтады. Мал өсірушілердің сөзінше, жем, жанармай, ветеринариялық қызмет бағасының көтерілуі саланы тиімсіз еткен, ал етті “әлеуметтік өнім” ретінде жасанды арзандату жылдар бойы жинақталған дағдарысты ушықтырған.

Қостанай облысындағы шаруалар мал басының ресми көрсеткіштен әлдеқайда аз екенін айтады. “Қазақстанның ет одағы” бірлестігінің басшысы Мақсұт Бақтыбаевтың пікірінше, мал шаруашылығы ұзақ уақыт өзіндік құнынан төмен бағада сатуға мәжбүр болғандықтан, мал басы азайып, ұсақ шаруашылықтар жаппай жабылып жатыр. Оның айтуынша, негізгі түйткіл – мемлекеттік саясаттың тұрақсыздығы мен жайылым тапшылығы.

Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл пікірмен келіспейді. Ведомство еттің қымбаттауын жем-шөп, жанармай және коммуналдық шығындардың көбеюімен, сондай-ақ тірі мал экспортының өсуімен байланыстырады. Министр Айдарбек Сапаров елде ет өндірісі биыл 1,5 пайыз өсіп, 529 мың тоннаға жеткенін айтып, нарықта тапшылық болмайды деп мәлімдеді.

Ет бағасы Өзбекстан мен Тәжікстанда да күрт көтерілген. Өзбекстанда сүйексіз сиыр етінің келісі 165 мың сумға дейін жеткен. Бұған Қырғызстан мен Қазақстанның мал экспортын шектеуі және ішкі өндірістегі қиындықтар әсер еткен. Жайылым тапшылығы, шөлейттену және жем-шөп қымбаттауы мал шаруашылығының кірісін азайтқан.

Тәжікстанда ет бағасы жыл басынан бері айтарлықтай өсіп, сүйекті сиыр етінің келісі 11,4 долларға дейін қымбаттады. Елде тірі мал Ауғанстаннан әкелініп жатыр, бірақ бұл өнім ветеринарлық қауіпке байланысты қатаң бақылауда өткізіледі.

Түркіменстанда ет тапшылығы байқалады. Базардағы баға өте жоғары, ал мемлекеттік дүкендерде арзан ет алу үшін жұрт таңғы бестен кезекке тұрады.

Сарапшылардың пікірінше, бағаны әкімшілік жолмен тежеп ұстау нәтиже бермейді. Мәселен, Қырғызстандағы уақытша “шекті баға” механизмінің өзі еттің қымбаттауын тоқтата алмаған: Бішкекте сиыр етінің келісі 730 сомға жеткен.

Мамандар тығырықтан шығудың жалғыз жолы – мал шаруашылығын дамытуға арналған ұзақмерзімді, тұрақты саясат қалыптастыру, фермерлерді кооперацияға біріктіру, жем-шөп өндірісін ұлғайту және жайылым мәселесін шешу деп санайды.