homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Қазақстандағы сақтандыру нарығында әр төртінші теңге — зейнетақы аннуитетіне кетіп жатыр

14.11.2025, 12:28

Қазақстанда зейнетақы аннуитетіне деген сұраныс рекорд деңгейге көтеріліп, өмірді сақтандыру нарығын түгел өзгертіп жатыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Елде ертерек зейнетке шығуға мүмкіндік беретін зейнетақы аннуитеттері сақтандыру саласының ең ірі сегментіне айналды. Биыл ерікті аннуитеттік сақтандыру бойынша түсім 462,7 млрд теңгеге жетіп, 2021–2023 жылдардағы көрсеткіштен 3–5 есе жоғары болды. 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында бұл көлем 333,9 млрд теңгені құрап, өткен жылғы дәл осы кезеңнен 11,4 пайызға көп.

Нарық құрылымы айқын өзгерді: барлық аннуитеттік сақтандыру түсімдерінің 98 пайыздан астамы — зейнетақы аннуитеттері. Басқа аннуитет түрлерінің үлесі пайыздың бөлігін ғана құрайды. Соңғы екі жылдағы қарқынды өсімнің нәтижесінде зейнетақы аннуитеттерінің үлесі өмірді сақтандыру компанияларының жалпы түсімінде 2022 жылғы 21,5 пайыздан 2024 жылы 46,8 пайызға дейін көтерілді. Сақтандыру нарығының бүкіл көлемінде бұл көрсеткіш 9 пайыздан 27,2 пайызға дейін артты.

2025 жылы үлес сәл төмендегенімен — КСЖ түсімдерінің 43,3 пайызы және жалпы сақтандыру нарығының 23,5 пайызы — сегмент әлі де өмірді сақтандыру саласындағы негізгі қозғаушы күш болып тұр.

Саладағы тағы бір маңызды жайт — нарықтың тым шоғырланғаны. Зейнетақы аннуитеттері бойынша жиналған барлық түсімнің 95,6 пайызы небәрі төрт компанияға тиесілі.

Түсімнің өсуімен бірге төлемдер көлемі де көбейді. 2025 жылдың қаңтар–қыркүйегінде зейнетақы аннуитеттері бойынша төлемдер 30,7 млрд теңгеге жетіп, былтырғыдан екі есе көп болды (2024 жылы 14,1 млрд тг). Басқа аннуитет түрлері бойынша төлемдер де 3,4 млрд теңгеден 4,3 млрд теңгеге көбейді.