homepage
Фото: Azattyq.kz

Қырғызстанда түнгі уақытта электр қуатын өшіру талабы күшейді

14.11.2025, 12:04

13 қараша кешінде Бішкек пен Ош қалаларының әкімдері дәмхана, мейрамхана және өзге де ойын-сауық мекемелерін аралап, иелерінен сағат 22:00-ден кейін электр жарығын өшіруді талап етті. Қалалық билік мұны қыс маусымындағы электр тапшылығын болдырмау және «Тыныштық сақтау туралы» заңның талаптарын орындау қажеттілігімен түсіндірді деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Ош әкімі Жеңісбек Тоқторбаев талапты орындамаған мекемелерді бір айға дейін электр қуатынан ажыратуды тапсырды.

«Рейд кезінде анықталған барлық дәмхана мен мейрамхананы ескертумен ғана қалдыра алмаймыз. Ертең халық «қараңыздар, айтса да қайта ашылып жұмыс істеп жатыр» дейді. Сондықтан бір айға жауып, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз», – деді ол.

Бішкек әкімдігі де «Тыныштық сақтау туралы» заңды негізге алып, мейрамханалар мен түнгі клубтарды сағат 22:00-де жабу туралы шешім шығарды.

Осыған дейін Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасы Қамшыбек Ташиев 13 қарашадағы үндеуінде аталған заңның орындалмай отырғанын айтып, дәмхана, мейрамхана және ойын-сауық орындары жұмыс күндері 22:00-ден таңғы 7:00-ге дейін, демалыс пен мереке күндері 22:00-ден 9:00-ға дейін жұмысын тоқтатуы тиіс екенін еске салды. Ол жергілікті билікті талапты елемеген мекемелердің электр қуатын өшіруге шақырды.

Ал «Тыныштық сақтау туралы» заңның авторы, Жогорку Кеңеш депутаты Дастан Бекешев заңда мекемелерді жабу туралы норма жоқ екенін, тек дыбыс пен шу деңгейіне қатысты талаптардың ғана бекітілгенін мәлімдеді.