homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Молдова парламенті «Орыс үйін» жабуды мақұлдады

14.11.2025, 11:37

Молдова парламенті Ресеймен мәдени орталықтар туралы 1998 жылғы келісімді жарамсыз деп тануды бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Juzmedia.kz. Еуропалық ұйымдар бұл орталықты Мәскеудің ықпал тетігі деп санап, ұлттық қауіпсіздікке қатер ретінде бағалап келеді.

13 қарашадағы пленарлық отырыста бірнеше сағатқа созылған қызу талқылаудан кейін дауыс беру өтті. Заң жобасын 60 депутат қолдады: басқарушы партияның 54 депутаты және «Демократия үйі» фракциясының 6 депутаты. 35 депутат, оның ішінде коммунистер де бар, қарсы шықты. Екінші оқылымдағы дауыс беру 10 күн ішінде өтеді.

Құжатты таныстырған мәдениет министрі Кристиан Жарданның айтуынша, «Орыс үйі» орыс мәдениетін танытатын орталықтан гөрі пропаганда құралына айналған. Министр ресейлік құрылымның қызметінен «Украинаға басқыншылықты ақтау және дезинформация тарату белгілері» анықталғанын айтты.

Ал социалистер фракциясының жетекшісі Игорь Додон жобаны күн тәртібінен алып тастауды ұсынып, билік «нақты дәлелдер көрсетпеді» деді. Оның пікірінше, құжат ел азаматтарының басым бөлігіне қарсы шешім болмақ.

Кишинёвтегі «Орыс үйі» 2009 жылы ашылған. Заң жобасы екінші оқылымда да қабылданып, президент Майя Санду қол қойса, орталық 2026 жылдың шілдесінде қызметін тоқтатады.

Ресейдің Молдовадағы елшілігі бұл шешімді «кері нәтиже беретін қате қадам» деп сипаттады.