homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Желтоқсаннан бастап қытайлық теміржолшылар Қазақстан станцияларында жұмыс істемек

14.11.2025, 11:05

Қазақстан мен Қытай шекаралық теміржол станцияларында мамандар алмасу жүйесін іске қосады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

ҚТЖ мәліметінше, желтоқсан айынан бастап қытайлық теміржолшылар Қазақстан аумағында жұмыс істей алады. Барлығы 50 маман келеді: 27 қызметкер – Достық станциясына, 23 маман – Алтынкөл станциясына жіберіледі. Олар поездар қабылдау мен жөнелту, жүкті рәсімдеу және контейнер ағынын ұйымдастыруға қатысады.

Сонымен қатар Қытай жағына 56 қазақстандық теміржол қызметкері барады. Оның 30-ы – Алашанькоу станциясына, 26-сы – Қорғас ықпалдасу аймағы жаққа аттандырылады.

Қабылдаушы тарап мамандарға жатын орын мен байланыс құралдарын тегін қамтамасыз етеді. Ал тамақтану шығыны қызметкерлердің өзіне жүктеледі.

ҚТЖ бұл механизм шекаралық станцияларда жұмыс үдерісін жеделдетуге, әкімшілік рәсімдерді қысқартуға және өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Компанияның айтуынша, бұл жоба тасымал көлемін көбейтуге және технологиялық процестерді оңтайландыруға бағытталмақ.

Аталған келісім станциялардағы жөндеу және жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін қабылданған.