homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Кәсіпорындар жұмыскерлерге 2,3 млрд теңге жалақы берешек болып шықты

14.11.2025, 10:40

1 қарашадағы жағдай бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары 394 кәсіпорында 9,8 мыңнан астам жұмыскерге 2,3 млрд теңге көлемінде жалақы қарызы барын анықтады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, түрлі ұйымдарда жүргізілген тексерулер барысында еңбек құқығының бұзылуына қатысты 6,5 мыңнан астам дерек тіркелген.

«Жалақы берешегі мен еңбек құқығының бұзылуы анықталған кәсіпорын басшыларына 3 369 міндетті ұйғарым берілді, 428,2 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Қабылданған шаралардың, оның ішінде берешекті өтеудің қатаң кестелері мен мерзімдерін белгілеудің нәтижесінде 9,6 мың жұмыскердің құқығы қорғалды. Оларға 2 млрд теңге төленді», – делінген хабарламада.

Министрлік еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылау күшейтілгенін атап өтті. 2025 жылғы 1 қарашаға дейін еңбек инспекторлары 5 306 тексеру жүргізіп, 6 571 заңбұзушылықты анықтады. Оның 5 427-сі – еңбек саласында, 1 111-і – еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша, 33-і – халықты жұмыспен қамтуға қатысты.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 40 мың жұмыскердің еңбек құқығы қорғалды.