Қазақстанда және бүкіл Орталық Азияда алғаш рет жүрекке роботтандырылған технологиямен ота жасалып, медицинаның жаңа кезеңі басталды. Операция Астана қаласындағы ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының ауруханасында Қытайдан келген мамандармен бірлесіп өткізілді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
28 жастағы науқасқа туа біткен жүрекшелік перде ақауын түзету бойынша жоғары технологиялы ота жасалды. Процедура кеуде сүйегін ашпай, шағын тілік арқылы жүргізілген. Роботтандырылған жүйе хирургтарға жүрекке дәл әрі минималды инвазиялық қолжетімділікпен жұмыс істеуге мүмкіндік берген. Қазір науқастың жағдайы тұрақты. Дәрігерлер бұл операцияны отандық кардиохирургияның дамуы және халықаралық ынтымақтастықтың нығаюы үшін маңызды қадам деп бағалап отыр.
Конференция аясында жетекші шетелдік мамандар қазақстандық дәрігерлермен бірге қабылдау жүргізді. Мәскеулік кардиолог, медицина ғылымдарының докторы Ольга Джиоева отандық кардиологтармен бірге бірнеше пациентті қарады. Жапониядағы Әулие Мария ауруханасының гематология бөлімінің жетекшісі, профессор Jeon Yungwoo тоғыз науқасқа консультация өткізді.
Астанада өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция кардиохирургия, онкология, ядролық медицина, нейрохирургия, терапия, цифрландыру және фармацевтикалық реттеу сияқты бағыттарды қамтыды. Оған оннан аса елден келген сарапшылар, жетекші клиникалар мен ғылыми орталықтардың мамандары қатысты. Онлайн және офлайн форматтағы шараларға барлығы төрт мыңға жуық адам қатысып, сессиялардың тікелей эфирлері төрт мың реттен аса қаралған.
Конференция озық тәжірибе алмасудың, медициналық инновациялар мен білім беру технологияларын дамытудың басты алаңына айналды.