Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар судьяны қызметінен босатып, жаңа төрағаларды тағайындады. Қызметтен алынғандардың арасында жемқорлық үшін сотталғандар да бар, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
10 қарашадағы №1085 жарлыққа сәйкес, облыстық, қалалық және мамандандырылған соттардың бірнеше басшысы қызметтен кетті. Ақтау қалалық сотының төрағасы Бауыржан Шайдуллин мен Ақсу аудандық сотының төрағасы Нұрлан Шәймерденов сот үкімдері заңды күшіне енген соң лауазымынан босатылған. Шайдуллин алаяқтық пен пара беруге итермелеу, ал Шәймерденов пара алу және қызмет өкілетін асыра пайдалану баптары бойынша кінәлі деп танылған.
Президент жарлығымен Шымкенттегі мамандандырылған әкімшілік соттың төрағасы Ғалым Қалдаров тәртіптік теріс қылық үшін жұмыстан алынды. Бұған қоса, зейнетке шығуына және өз еркімен кетуіне байланысты ондаған судьяның өкілеті тоқтатылды.
Тоқаев бірқатар тағайындауларды да бекітті: Алматы қалалық әкімшілік сотының төрағасы болып Тимур Төлегенов, Алматының мамандандырылған экономикалық сотының төрағасы болып Айбар Нұрбеков тағайындалды. Сонымен бірге Арайлым Сәдірмекова Сандықтау аудандық сотына, Салтанат Қалиасқарова Степногорск қалалық сотына, Сандуғаш Избағамбетова Ақтөбедегі №2 қалалық сотқа төрайым болды.
Қазақстан Конституциясы бойынша сот билігі тәуелсіз саналғанымен, құқық қорғаушылар сот жүйесіне саяси ықпалдың сақталып отырғанын айтады.