homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Кибершабуылдар күшейді: Қазақстанда ақпарат ұрлау және жүйе бұзу қылмыстары екі есеге жуық артты

13.11.2025, 12:02

Қазақстанда ақпараттық жүйелерге заңсыз қол жеткізу, дерек ұрлау және зиянды бағдарламалар тарату фактілері күрт өсіп, киберқылмыстың көлемі биыл екі есеге жуық артты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Соңғы он айда ақпараттандыру және байланыс саласындағы 201 қылмыстық іс тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 86,1 пайызға көп. Бұған дейін де өсім жоғары болған: 2024 жылы мұндай қылмыстар 66,7 пайызға артқан. Мамандар мұны Қазақстанның цифрлық кеңістігіне жасалатын шабуылдардың жиілеп кеткенін көрсететін дабыл ретінде бағалайды.

Киберқауіпсіздік мәселесі Сингапурда сотталған үш қытайлық хакер ісінен кейін айқын көрінді. Олардың ноутбуктерінен Қазақстан Сыртқы істер министрлігінен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жолданған құпия хат табылған. Құрылғылардан сонымен бірге күрделі хакерлік құралдар мен зиянды бағдарламалар анықталған. Бұл оқиға Қазақстан ақпараттарының трансшекаралық жолмен де ұрланып жатқанын көрсетті.

Құқықтық статистика комитетінің мәліметінше, ең жиі жасалатын қылмыс — ақпаратты заңсыз жою немесе өзгерту. Бұл санаттағы құқықбұзушылықтар былтыр 2,4 есе артса, биыл тағы 61,7 пайызға көбейген. Одан кейінгі орынға мобильді құрылғылардың кодын заңсыз өзгерту әрекеттері шықты — мұндай фактілер 6,1 есе өскен. Зиянды бағдарламалар тарату, ақпаратқа рұқсатсыз кіру және шектеулі ресурстарды заңсыз пайдалану да көбейіп отыр.

Киберқылмыстардың басым бөлігі Алматы мен Астанада жасалған. Он айда Алматыда — 39, Астанада — 35 құқықбұзушылық тіркелген. Антилидерлер қатарында Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары, сондай-ақ Шымкент бар. Хакерлердің 62,2 пайызы — жұмыссыздар. Олардың дені жоғары немесе арнайы білімге ие азаматтар. Тіпті биыл төрт мемлекеттік қызметкер киберқылмыс жасағаны үшін жауапқа тартылған.

Кибершабуылдардың зардабы да айтарлықтай күшейді. Биыл он айда келтірілген шығын көлемі 16,4 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 29,2 есе артты. Бұл соманың 99,8 пайызы мемлекеттік органдарға келген зиян. Кәсіпкерлер 12,8 млн теңге, жеке азаматтар 20 млн теңгеге жуық жоғалтқан. Шығынның 42,2 пайыты ғана тергеу барысында өтелген.

Қазақстан қазан айында БҰҰ-ның киберқылмысқа қарсы конвенциясына қол қойып, халықаралық ынтымақтастықты күшейтетінін мәлімдеді. Сарапшылар бұл қадам трансшекаралық шабуылдарға қарсы тиімді тергеу жүргізуге мүмкіндік береді деп есептейді.