homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Қазақстанда ішкі көші-қон күрт артты

13.11.2025, 10:32

Қазақстан ішінде қоныс аударушылар саны соңғы жылы айтарлықтай өсті. 2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында 1,3 миллион адам тұрған өңірін немесе қаласын өзгерткен деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Бұл былтырғы көрсеткіштен 22,8 пайыз көп. Ел ішіндегі қозғалыстың мұншалықты жеделдеуі өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық айырмашылық пен ірі қалалардың ықпалын айқын көрсетіп отыр.

Өңір ішінде қоныс аударғандар саны 706,7 мың адамға жетті. Бұл – 19,4 пайыздық өсім. Ал бір облыстан екінші облысқа көшкендер 619,9 мың адам болды. Жылдық өсім – 27 пайыз. Бұл ішкі көш-қонның тек тұрмыстық емес, еңбек нарығына бейімделу сипаты күшейіп жатқанын аңғартады.

Межелі бағыттардың арасында Астана алғашқы орында тұр. Тоғыз айда елордаға 137,9 мың адам келіп қоныстанған, бұл – 27,7 пайыздық өсім. Алматы қаласы да өз тартымдылығын жоғалтпаған: 115,9 мың адам келіп, жалпы көш-қон ағымының маңызды бөлігін құрады. Алматы облысына келгендер саны 77,5 мыңға жетіп, бірден 37,7 пайызға артты. Шымкент бағыты да белсенді: 64,5 мың адам келіп, 36,4 пайыз өсім тіркелді.

Осы төрт өңірдің бәрінде сальдо оң: Астанада +67,2 мың, Алматыда +27,8 мың, Алматы облысында +8 мың, Шымкентте +13 мың адам. Бұл аймақтар еңбек, қызмет көрсету және инфрақұрылым тұрғысынан тұрғындарға қолайлы екенінің дәлелі.

Ал қалған облыстарда керісінше, халық азайып жатыр. Ең үлкен төмендеу Түркістан облысында байқалады: минус 34,3 мың адам. Жамбыл облысында да айырым айтарлықтай — минус 16,3 мың адам. Бұл өңірлердегі әлеуметтік жағдай, жұмыс нарығы мен инфрақұрылым сапасы тұрғындардың қозғалысына тікелей әсер етіп отырғанын көрсетеді.

Қазақстандықтар ең көп тастап кеткен өңірлердің тізімінде Алматы – 88 мың адам, Түркістан облысы – 86,7 мың адам және Астана – 70,6 мың адам тұр. Яғни ірі қалаларға ағылған көштің кері ағымы да бар: біреулер жаңа мүмкіндіктің соңынан келсе, екіншілері арзан баспана мен тынысы кең өңірлерге бет бұрған.

Сыртқа кеткендер саны ішкі көш-қонмен салыстырғанда әлдеқайда аз. Тоғыз айда 5,9 мың қазақстандық шетелге тұрақты тұруға кеткен. Бағыттардың алдыңғы қатарында Германия, Ресей және Қырғызстан бар.

Бұл деректер ішкі демографиялық қозғалыстың бұрынғыдан да күрделене түскенін аңғартады. Адамдар экономикалық тепе-теңдікке, инфрақұрылымы дамыған орталарға қарай ойысуда. Бұл үрдіс өңір саясатын қайта қарауға да, үлкен қалалардағы жүктемені жоспарлауға да түрткі болмақ.