homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Қазақстан бөліп төлеу және BNPL-сервистер нарығын заңмен реттеуге кірісті

12.11.2025, 16:38

Ұлттық банк бөліп төлеу және BNPL-сервистер нарығын реттеу мәселесіне қатысты өз ұстанымын білдірді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қаржы реттеушінің мәліметінше, көптеген елдерде мұндай сервистерді бақылауға алу үрдісі күшейіп келеді. Бірқатар мемлекеттерде заңнамалық және нормативтік негіздер әзірленіп, реттеу шаралары енгізілген. Оларға компанияларды лицензиялау немесе авторизациядан өткізу, тұтынушының төлем қабілеттілігін бағалау, жарнама талаптарын сақтау және кредиттік бюроларға ақпарат беру міндеті кіреді.

Мысалы, Аустралия, Қытай, Түркия, Франция және Швецияда BNPL-операциялары қызмет түріне қарай реттеледі. Бұл елдерде бөліп төлеу ұсынатын ұйымдар міндетті түрде лицензия алуға тиіс. Ал Ұлыбритания, Малайзия және Индонезияда тиісті заң жобалары әлі әзірлену үстінде.

Ұлттық банк атап өткендей, халықаралық тәжірибе BNPL-сервистерді несиелік өнімдерге теңестіруге бағытталған. Қазақстанда қазіргі уақытта мұндай нарықты толық реттейтін заңнамалық база жоқ. Қолданыстағы заңда бұл қызмет түрінің анықтамасы да, ережелері де бекітілмеген.

Нарықта банктердің еншілес компаниялары, байланыс операторлары және автокөлік немесе тауарларды жалға беріп, кейін сатып алу мүмкіндігін ұсынатын ұйымдар бөліп төлеу қызметтерін ұсынып келеді. Тұрғын үй нарығында құрылыс компаниялары да осындай тәсілді қолданады — үлестік қатысу немесе брондау шарты арқылы төлемді бөліп төлеуге мүмкіндік береді.

Дегенмен, мұндай ұйымдар (байланыс операторларынан басқа) клиенттің кредиттік тарихы туралы деректерді кредиттік бюроларға беруге міндетті емес. Сондықтан мұндай төлемдер азаматтардың қарыз жүктемесін есептеу кезінде ескерілмейді. Бұл ретте азаматтардың нақты қаржылық жағдайын бағалау қиындайды.

Ұлттық банк тұтынушылардың құқықтарын қорғау да басты назарда екенін атап өтті. Әсіресе шарттар мен айыппұлдар туралы толық ақпарат беру, жарнамадағы ашықтық, коллекторларға берілетін қарыздарды реттеу және тауарды қайтару шарттары сияқты мәселелер маңызды болып отыр.

Қазір Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі және басқа да мемлекеттік органдар бөліп төлеу нарығын реттеудің бірыңғай тәсілдерін әзірлеуде.

Айта кетейік, 2024 жылдың қазан айында премьер-министр Олжас Бектенов банктер мен сауда орындарына тұтынушыларға несиелер мен бөліп төлеудің толық құнын ашық көрсету талабын қойған болатын. Сарапшылардың пікірінше, бұл бастама азаматтардың қаржылық сауатын арттырып, жауапты тұтыну мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.