homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Қазақстан әлемдегі ең төмен мемлекеттік қарызы бар елдердің қатарында

12.11.2025, 15:10

Қазақстан қарыз жүктемесі ең аз мемлекеттердің бірі болып саналады. Халықаралық валюта қорының дерегінше, еліміздің мемлекеттік қарызы жалпы ішкі өнімнің 24,8 пайызына тең, деп хабарлайды Juzmedia.kz. Finprom.kz-ке сілтеме жасап.

Салыстыру үшін, бұл көрсеткіш Өзбекстанда – 31,1%, Қырғызстанда – 37,8%, ал Ресей мен Тәжікстанда сәйкесінше 22% және 23,1% деңгейінде. Түрікменстан әлем бойынша ең төмен мемлекеттік қарызы бар бес елдің қатарына кіріп, небәрі 3,9% көрсеткішке ие.

Жалпы, әлемдік мемлекеттік қарыздың көлемі 2025 жылы 111 триллион АҚШ долларына жетеді деп болжануда. Оның жартысынан астамы екі елге – АҚШ пен Қытайға тиесілі. АҚШ-тың мемлекеттік қарызы 38,3 триллион долларды құраса, Қытайдікі 18,7 триллион доллар деңгейінде. АҚШ-та қазір мемлекеттік қарыз шегін бекіту мәселесіне байланысты бюджеттік дағдарыс жалғасып, 1,2 миллионнан астам мемлекеттік қызметкер еңбекақысынсыз жұмыс істеуге мәжбүр.

Халықаралық валюта қоры мәліметінше, 2025 жылы жаһандық мемлекеттік қарыздың ЖІӨ-ге қатынасы 94,7 пайызға жетеді. Бұл көрсеткіш 2020 жылғы пандемия кезіндегі рекордтық 98,7 пайыздық деңгейден төмен болғанымен, соңғы бір жылда 2,3 пайыздық тармаққа өскен.

Мемлекеттік қарызы ең жоғары елдердің қатарында Жапония (229,6%), Судан (221,5%), Сингапур (175,6%), Грекия (146,7%) және Италия (136,8%) бар. Сингапурдың қарызы бюджет тапшылығымен емес, инвестициялық стратегиялармен байланысты – яғни елдің қарызы оның активтерімен толық қамтамасыз етілген.

Қазақстан 25-орында тұр. Бұл көрсеткіш елдің қаржылық тұрақтылығы мен қарыз тәуелділігінің төмен екенін білдіреді. Валюталық баламада Қазақстанның жалпы мемлекеттік қарызы шамамен 74,4 миллиард долларды құрайды. Бұл – Орталық Азия елдерінің ішіндегі ең жоғары сома, бірақ ЖІӨ-ге шаққанда деңгейі қалыпты саналады.

Аймақ елдерінің қарыз деңгейі 40 пайыздан аспайды, сондықтан Орталық Азия жалпы алғанда әлемдік стандарттар бойынша «орташа және қауіпсіз» қарыз аймағында қалып отыр.
 

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.