Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов банктер мен микрокредит ұйымдары тарапынан азаматтардың рұқсатынсыз рәсімделген несиелерді кешіруді ұсынды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Депутаттың айтуынша, кейбір қаржы ұйымдары биометриялық деректер мен ескі құжаттарды пайдаланып, азаматтардың қатысуынсыз несие рәсімдеп келді. Мұндай жағдайлар көбіне 2014 жылдары берілген жеке куәліктердегі фотолар арқылы жасалды.
«Кей банктер азаматтың ескі суретін пайдаланып, бетті тану жүйесімен несие рәсімдеген. Бұл — тікелей алаяқтық», – деді Әбенов Мәжіліс отырысында.
Ол осындай заңсыз несиелерді сот шешімін күтпей-ақ есептен шығаруды ұсынды. Депутаттың мәліметінше, соңғы екі жылда шамамен 1,5 мың несие заңсыз рәсімделіп, олардың жалпы сомасы 1,9 миллиард теңгеден асқан. Әбеновтің пікірінше, егер несие азаматтың қатысуынсыз берілсе немесе биометриялық тексеріс талаптары бұзылса, оның жауапкершілігі қаржы ұйымының өзіне жүктелуі тиіс.
Депутат бастамасы цифрлық алаяқтық пен жеке деректердің заңсыз қолданылуына қарсы күресті күшейтуге бағытталмақ.