Энергетика министрлігі елімізде АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының бағасын көтеруге уақытша шектеу қойғанын растады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Министрліктің мәліметінше, 16 қазан күнгі жағдай бойынша АИ-92 бағасы елімізде жанармай құю бекеттеріне байланысты литріне 213–241 теңге аралығында. Ал дизель отынының бағасы 317–337 теңге деңгейінде белгіленген. Бұл көрші елдермен салыстырғанда айтарлықтай төмен.
Мәселен, АИ-92 бензинінің бағасы Қазақстанда орта есеппен 239 теңге болса, Ресейде — 406 теңге, Қырғызстанда — 453 теңге, Өзбекстанда — 505 теңге. Яғни айырмашылық 70%-дан 111%-ға дейін жетеді. Дизель отыны бойынша да айырма айқын: Қазақстанда литрі 337 теңге болса, Ресейде — 483 теңге, Қырғызстанда — 486 теңге, ал Өзбекстанда — 527 теңге.
Энергетика министрлігі мұндай айырмашылық шекара асып жанармайдың заңсыз әкетілуіне түрткі болатынын атап өтті. Осы себепті мұнай өнімдерін шетелге автомобиль және теміржол көлігімен шығаруға тыйым үнемі ұзартылып келеді. Мемлекеттік органдар жанармайдың көрші елдерге заңсыз тасымалданбауын да қатаң бақылауда ұстап отыр.
Сонымен бірге министрлік мұнай өңдеу саласын инвестициялық тұрғыдан тартымды ету үшін баға нарықтық деңгейде болуы керектігін айтты. Төмен баға өндіру мен өңдеу көлемін азайтады, ал саланың табысы басқа секторларды субсидиялауға кетеді. Бұдан бөлек, мұнай өнімдерінің «сұр» экспорты мәселесі де өзекті болып отыр.
Министрліктің түсіндіруінше, отын бағасындағы салықтар мен инвестициялық үлес арқылы түсетін қаражат әлеуметтік әлсіз топтарды қолдауға, бюджет қызметкерлерінің жалақысын төлеуге және мектеп, жол сынды инфрақұрылым жобаларына жұмсалады.
«Сондықтан отын нарығын ырықтандыру және әділ баға саясатын енгізу – мұнай өңдеу саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру мен оның тұрақты дамуының басты шарты», – деп қорытындылады ведомство.
Бұған дейін сарапшы Асқар Исмаилов мораторийге қатысты пікір білдіріп, «реформа халықтың қалтасына салмақ салмай, өмір сапасын арттыруға бағытталуы тиіс» деген болатын.