Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Қазақстанда балалардың TikTok пен Instagram секілді танымал әлеуметтік желілерге 5-6 жастан бастап тіркеле алатынын айтты. Бұл процесте ата-аналардың келісімі де, жеке тұлғаны растау талаптары да қарастырылмағанын айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
«Басқа елдерде мұндай шектеулер енгізілген. Мысалы, Дания мен Аустралияда тіркелуге 15–16 жастан бастап қана рұқсат етіледі, ал АҚШ, Англия және Ирландияда ата-ананың арнайы рұқсаты мен верификациясы қажет. Министрліктердің, атап айтқанда, Жасанды интеллект министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігінің бұл мәселеге қатысты ұстанымы қандай? Сондай-ақ мектептерде смартфон қолдану туралы позиция бар ма? Мысалы, Англия мен Нидерландта нақты шешім қабылданған. Қазақстанда да кейбір алдыңғы қатарлы мектептер мұндай тыйым енгізіп, жақсы нәтиже көріп отыр — балалар бір-бірімен көбірек сөйлесіп, оқу үлгерімі артқан», – деді Аймағамбетов Мәжілістің жалпы отырысында.
Өз кезегінде жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун әлемде технологиялар қарқынды дамып жатқанын, Қазақстан да бұл үрдістен қалмауы керек екенін айтты. Оның айтуынша, мектептерде смартфон қолдануға тыйым салу жобасы әзірленіп жатқан Цифрлық кодекске енгізілмеген.
«Министрліктің ұстанымы – жаңа ұрпақты технологияларды дұрыс қолдануға үйрету. Біз балалардың техника, жасанды интеллект және интернет құралдарын меңгеруде артта қалу қаупін болдырмауымыз керек», – деді вице-министр.
Қазіргі уақытта Мәжіліс депутаттары Цифрлық кодекс жобасын бірінші оқылымда қарап жатыр.