Жыл басынан бері елімізде құрылыс кезінде жүздеген заңбұзушылық тіркелді деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Индустрия және құрылыс министрлігінің мәліметінше, жергілікті мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары 2,2 мыңнан астам тексеріс жүргізген. Соның нәтижесінде 525-тен астам тапсырыс беруші тиісті хабарламасыз құрылыс-монтаж жұмыстарын атқарғаны үшін жауапқа тартылды. Ең көп бұзушылықтар Алматы және Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында анықталды.
Бұған қоса, 772 нысан жобалық-сметалық құжаттамасыз салынған. Мұндай жағдайлар көбіне Алматы, Қызылорда және Түркістан облыстарында кездесті. Заң талаптарын бұзған 239 құрылыс қатысушысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көпшілігі жоспарлау параметрлерін, ғимараттардың биіктігі мен арақашықтық нормаларын сақтамады.
Министрлік мәліметінше, енді бұл проблемаларды азайту үшін елде бірыңғай цифрлық алаң — eQurylys жүйесі енгізілді. Онда құрылыс нысандары туралы толық ақпарат сақталады, есептілік пен техқадағалау құжаттары электронды форматқа көшірілген. Жүйеде нысан құрылысының барысын автоматты бақылау және заң бұзушылықтарды анықтау модулі сынақтан өтуде.
Сондай-ақ, нысанды пайдалануға беру актісіне қол қою процесін автоматтандыру және мемлекеттік органдардың онлайн келісу мүмкіндігін енгізу жоспарланып отыр. Жаңа жүйе заңсыз құрылыстарға жедел әрекет етуге, қажет болған жағдайда құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтатуға немесе лицензия мен аккредитацияны қайтарып алуға мүмкіндік береді.