15 қараша — Қазақстанның ұлттық валютасы күні. 1993 жылы дәл осы күні теңге айналымға енгізілді. Сол кезде 1 АҚШ долларының орташа бағамы 5,25 теңге болған. Алайда алты жыл өтпей жатып, 1999 жылы ұлттық валюта алғаш рет үш таңбалы межеге жетті деп хабарлайды Juzmedia.kz.
2000 жылы доллардың орташа бағасы 142,13 теңгеге дейін көтерілді. Бұл әлсіреу 2004 жылға дейін жалғасты, содан кейін бірнеше жыл ішінде теңге қайта нығайып, 1 долларға 120 теңге деңгейіне жетті. Бірақ 2009 жылы жағдай қайта өзгерді: теңге девальвацияға ұшырап, 1 доллар 150 теңгеге дейін қымбаттады. Бұл кезде Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко валюталық дәлізді қолдаудан бас тартқан болатын. Себеп — серіктес елдердің валюталарының арзандауы және мұнай бағасының төмендеуі.
2014 жылы теңге тағы да әлсіреді — 1 доллар 179 теңгеге дейін өсті. Сол жылы Ұлттық банкті Қайрат Келімбетов басқарған. Ал 2015 жылы Қазақстан еркін айырбас бағамына көшіп, доллар 200 теңгеден асып түсті. Сол жылы орташа бағам 221,73 теңге болды. Кейінгі жылдары доллар 340–380 теңге аралығында саудаланды.
COVID-19 пандемиясы басталған соң ұлттық валюта 400 теңгеден жоғары әлсіреді. 2022 жылы Ресей мен Украина арасындағы геосаяси шиеленіс кезінде доллар бағамы алғаш рет 500 теңгеден асты. Осы кезеңнен бастап теңге үнемі төмен бағытта қозғалды.
2023 жылдың қазанында орташа айырбас бағамы 1 долларға 539,92 теңге болды. Сарапшылардың пікірінше, бұл — жаңа шынайылық. Экономист Вячеслав Додонов атап өткендей, «доллардың 500 теңге болуы – енді қалыпты жағдай».
Halyk Finance сарапшыларының болжамынша, келесі жылы АҚШ валютасы 600 теңгеден асуы мүмкін. Олар бұған мұнай бағасының төмендеуін, экспорттық түсімнің қысқаруын және Ұлттық қордан валюта сату көлемінің азаюын негізгі себеп ретінде атайды.
Соңғы уақытта теңге аздап нығайғандай болғанымен, мамандар бұл уақытша құбылыс деп есептейді. Себебі базалық мөлшерлеменің көтерілуі және оның экономикалық әсері қысқа мерзімде ғана нәтижесін бермек.
Бүгінде теңге 30 жылдық тарихында қысқа мерзімді тұрақтылық кезеңдерін бастан өткергенімен, ұзақ мерзімді перспективада оның негізгі сипаттамасы — созылмалы девальвация болып қала беріп отыр.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.