homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Қазақстанда бес жаңа кен орны ресми түрде тіркелді

11.11.2025, 16:25

Елімізде геологиялық барлау нәтижесінде бес жаңа кен орны мемлекеттік есепке алынды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шарханның айтуынша, мемлекеттік есепке алғаш рет Көк-Жон, Алтын-Шоко, Самомбет, Студенческий және Тақыр-Қалжыр кен орындары енгізілді. Бұл арқылы алтын қоры 98 тоннаға, мыс – 36 мың тоннаға, марганец – 11 миллион тоннаға, ал фосфорит – 1,3 миллион тоннаға артқан.

Қазір елдің геологиялық зерттелген аумағы 2,1 миллион шаршы шақырымды құрайды. 2026 жылға қарай бұл көрсеткішті 2,2 миллион шаршы шақырымға жеткізу жоспарланған. Келесі кезеңде барлау жұмыстары неғұрлым нақты масштабта – 1:50 мың деңгейінде жүргізілмек. Мұндай тәсіл жаңа пайдалы қазбаларды ертерек анықтауға мүмкіндік береді.

2026–2028 жылдары 100 мың шаршы шақырым аумақ зерттеледі, кейін жыл сайын шамамен 30 мың шаршы шақырым қосылады. Бұл мақсатқа 20 жобаның жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 240 миллион теңге бөлінді. Ал келесі жылға 44,4 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлу көзделді.

Сонымен қатар, үлкен деректерді өңдеу мен талдау үшін Біріккен Араб Әмірліктерінің әдістемесі негізінде Big Data жобасы іске қосылды. Пилоттық кезең аяқталған, жоба толықтай 2028 жылы аяқталады. Нәтижесінде елдің геологиялық деректері толық цифрланып, бірыңғай мәліметтер базасы құрылады.

Бұған қоса, қазіргі уақытта Бірыңғай платформа арқылы 22 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Электронды аукциондар мен «Электронды әмиян» жүйесі енгізілген. Жыл басынан бері 5,5 мыңнан астам келісім мен лицензия цифрланды, 729 лицензия берілді, ал төрт аукционның нәтижесінде 45,4 миллиард теңге көлемінде бонустар түсті.

Вице-министрдің айтуынша, жақын уақытта Ұлттық геологиялық қызмет базасында жаңа зертханалық кешен салынады. Онда заманауи зертханалармен қатар, үлгі сақтау қоймалары мен кернохранилище орналаспақ. Жоба Астанада жүзеге асырылады, жалпы құны шамамен 14 миллиард теңге, іске қосылуы 2028 жылдың желтоқсанында жоспарланды.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.