homepage
Фото: Мемлекеттік кірістер комитеті

Қытай мен Қазақстан шекарасында 1,5 мың жүк көлігі тұрып қалды

11.11.2025, 16:39

Қазақстан мен Қытай шекарасында шамамен 1,5 мың жүк көлігі кезекте тұр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Кедендік кірістер комитетінің мәліметінше, көлік кептелісі «Нұр Жолы» өткізу бекетінде қалыптасқан. 8–12 қараша аралығында Қытай тарапы тәулігіне орта есеппен 700–750 көлікті қабылдаған. Бұл — көліктердің уақытша жиналуына негізгі себеп болды.

Бұған дейін екі елдің шекаралық және кеден органдары тәулігіне кемінде 800 көліктің өтуі жөнінде келісім жасаған еді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті кезең-кезеңімен 1000 көлікке дейін жеткізу жоспарланып отыр. Осыған байланысты электронды кезек жүйесіндегі лимиттер де ұлғайтылды.

Сонымен қатар «Кәлжат – Дулаты» өткізу бекетінде бір апта бойы инспекциялық-тексеру кешенін орнату жұмыстары жүргізілді. Осы уақытта аталған бағыттағы өткізу мүмкіндігі шектеліп, көліктердің бір бөлігі «Нұр Жолы» бекетіне бағытталған. Бұл инфрақұрылымға қосымша жүктеме түсірді.

Кеден қызметі 13 қарашадан бастап жағдайды тұрақтандыру үшін тәулігіне өткізілетін көліктердің лимитін 650-ге дейін төмендететінін мәлімдеді. Бұл шара ағынды тең бөлуге және өткізу процесін тұрақтандыруға мүмкіндік береді.

«Жағдай тұрақты бақылауда», — деп хабарлады Кедендік кірістер комитеті.