homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Қазақстанның алтын қоры 98 тоннаға артты

11.11.2025, 14:33

Еліміздегі алтын қоры геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде 98 тоннаға ұлғайды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шарханның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда 103-тен астам пайдалы қазба түрі және 10 мыңға жуық кен орны мемлекеттік есепке алынған. Сондай-ақ, 2,9 мыңнан астам лицензия мен 250-ге жуық қатты пайдалы қазбалар бойынша келісімшарт қолданыста.

«Геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде алғаш рет бес кен орны – Көк-Жон, Алтын-Шоко, Самомбет, Студенческий және Тақыр-Қалжыр – мемлекеттік есепке алынды. Осы жұмыстардың арқасында қор көлемі 98 тонна алтынға, 36 мың тонна мысқа, 11 миллион тонна марганецке және 1,3 миллион тонна фосфоритке артты», – деді Иран Шархан Үкімет отырысында.

Министрлік мәліметінше, геологиялық зерттеу аумағы кеңейіп келеді: қазіргі уақытта 2 миллион шаршы шақырымнан астам жер барлау аясында қарастырылған. Бұл шаралар елдің минералдық-шикізат базасын нығайтып, жаңа өндіріс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.