homepage
Фото: Juzmedia.kz

Жамбыл атындағы филармонияның 90 жылдығына орай гала-концерт өтеді

11.11.2025, 14:56

20 қараша күні сағат 19:00-де Республика сарайының сахнасында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының 90 жылдық мерейтойына арналған салтанатты Гала-концерт өтеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Кешке филармонияның барлық өнер ұжымдары қатысады. Сахна төрінде Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» фольклорлы-этнографиялық оркестрі, Төлеубек Әбдірашев атындағы мемлекеттік симфониялық оркестр, ҚР үрмелі аспаптар оркестрі, Бақытжан Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласы, Ғазиза Жұбанова атындағы ішекті аспаптар квартеті, сондай-ақ мемлекеттік гитаристер мен үрмелі аспаптар квинтеттері өнер көрсетеді.

Бағдарлама ұлттық және әлемдік классиканың ең үздік туындыларын қамтиды. Көрермендер Нұрғиса Тілендиевтің «Махамбет», «Аққу» күйлерін, «Өз елім», «Құстар әні», «О, туған жер» әндерін, Абайдың «Айттым сәлем Қаламқас» шығармасын, Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсынан үзінді және Бетховеннің тоғызыншы симфониясынан үзінді тыңдай алады. Сондай-ақ домбырашылар күй тартысы мен екі фортепианоға арналған күрделі шығармаларды орындайды.

Мерейтойлық концерт қазақ музыкасының бай мұрасын, филармония ұжымдарының кәсіби деңгейі мен орындаушылық шеберлігін паш ететін ерекше мәдени оқиға болмақ.

Өтетін орны: Республика сарайы, Достық даңғылы, 56.