11 қарашада Талғар аудандық соты Хасан Қасымбаевқа үкім шығарды. БАҚ-та «Хуторлықтар тобының басшысы» деп аталған ол 12 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Сот Қасымбаевты үш бап бойынша кінәлі деп тапты: адам ұрлау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және қорқытып алу. Іс бойынша тағы бес адам сотталушылар қатарында болған. Жәбірленушілер — ММА жауынгері Арман Алимов және кәсіпкер Арипжан Тәжіев.
Сот отырысында Қасымбаев өз кінәсін мойындаған жоқ. Ол істің саяси және қоғамдық қысым негізінде қозғалғанын айтып, өзін «кінәлі етіп тағайындағандарын» мәлімдеді. «Менің тағдырымды айыптау үкімімен қиратпаңыздар. Біз бәріміз уақытша қонақпыз. Маңыздысы — әділдік пен шындық», — деді ол соңғы сөзінде.
Қасымбаев сонымен бірге өзін ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы деген айыпты да жоққа шығарды. Оның айтуынша, «Хуторлықтар» туралы әңгімені нақты дәлелсіз Арман Алимов таратқан.